Шымкент полициясы 6 жасар өгей қызын зорлаған күдіктіге қатысты пікір білдірді

364

Шымкент қалалық Полиция департаменті 6 жасар қызын зорлады деген күдікке ілінген өгей әкеге қатысты пікір білдірді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, 21 тамызда оның 6 жасар қызына бірге тұратын ер адамы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағанын айтып арызданған. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі (Жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тіркеліп, полицейлер оқиға орнынан бой тасалаған күдіктіні іздеуге кіріскен.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 44 жастағы күдіктіні досының пәтерінде ұстады. Ол бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотты болған. Жедел уәкілдер тұрғын үйді тексеру кезінде салмағы 4 келіге жуық марихуанаға ұқсас ерекше иісі бар зат салынған сөмке тапты. Аталған жайт  ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі  (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді» делінген полиция мәліметінде.

Қазіргі таңда бірқатар сараптамалар тағайындалған. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Біз бұған дейін 44 жастағы ер адамның өгей қызын зорлады деген күдікке ілінгені туралы жаздық.