«Көмекке ешкім келмеді»: Халық су тасқынымен өздері күрескен

78

Қазығұрт ауданының тұрғындары сел салдарынан орасан шығынға ұшырады. 200-ден аса қой қырылып, бірнеше үйге зиян келген. Халық шенеуніктерден барлығын қалпына келтіруді талап отыр. Өйткені, оқыс жағдай кезінде ешкім көмекке келмеген көрінеді. Ал жергілікті атқамінерлер не дейді? Зардап шеккендерге қандай қолдау көрсетіледі?

Бұл 24 — сәуір күні жауған жаңбырдан кейінгі ауылдың жағдайы. 20 минут тоқтаусыз себелеген жауын салдарынан Қазығұрт пен Сарыағаш ауданының 12 елдімекенін су басқан. Жауаптылардың сөзінше 1 тойхана, 16 шаруашылық және шамамен 70 тұрғын үйге зиян келіпті.

Түніміз қорқынышпен өтті деген Сарапхана тұрғындарының айтуынша, бастапқыда көмекке ешкім келмеген көрінеді. Барлық мекемелерден хабарластық олар келмеген соң тілсіз жаумен өзіміз күрестік дейді. Салдарынан 200 — ден аса қой қырылыпты. Алайда халық мұны ешкімнің айтпай отырғанына наразы.

Ғазиза Батырханова, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Су тасқыны келген соң бірден 102-ге хабарластым. Олар міне келеді, әні келеді деп жүріп 1 сағаттан кейін өрт сөндірушіге хабарласыңыз деді. Ал олар мына жерге келіп су тартуға сорғыш құрылғылар жоқ деді. Сонда үкімет не үшін керек бізге? Айтыңыздаршы… Ақыры болмаған соң тұрғындар өзіміз күрестік. Міне 215 бас қой қырылып отыр. Мұның бәрі ауылдың малы еді, 400 бас қой болатын. Ал кімнің шығарғанын білмеймін әйтеуір 25 қой ғана қырылды депті. Міне көріңіздер, 215 қой өліп жатыр. Оны кім өтейді енді?».

Тұрғындар су басуының себебін жақсы біліп отыр. Бұған дейін бірнеше рет әкімдікке шырылдап айттық деген олар тунельді жапқаннан кейін осындай жағдай орын алып отыр дейді.

Нұрғали Қоңыратбаев, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Мына жерде тунель бар еді. Тыңдамай жауып тастап ананы қазып берді. Ол кішкентай ғана тунель. Мен шырылдадым. Мына жерді су басады деген едім ешкім тыңдамады. Су келсе су басады деп шырылдадым. Соның кесірінен 215 бас қой өліп отыр. Менің үйім жарамайды».

Ал Қазығұрт ауданының әкімі барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі деп сендірді. Бірақ қашан екені қазірше белгісіз. Аудан басшысының айтуынша, шығынды есептеу жұмыстары жүргізілуде.

Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі: «Алдын ала есеп бойынша 41 үйдің біреуі түнде құлаған. 43 қораның 15 шақтысы құлады түнде және бір асхана құлады. Енді шығын келгені рас, бәріміз мойындаймыз. Ол бюджеттен бола ма, болмаса басқа да қаржы көздерінен бола ма? Біз енді ол кісілердің шығынын өтеп беруге тиісті деңгейде жұмыс атқарамыз».

Бүгін орын алған жағдайға байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт және Сарыағаш ауданындағы жауын-шашын салдарын жою бойынша арнайы комиссия құрды. Облыс әкімі өңір басшысына елді мекендерді судан тазартып, тұрғындарға заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі «Комиссия жіберу керек Қазығұрт, Сарыағаш, Кентауға. Керек жерінде біз көмек беруге дайынбыз. Сондықтан жауапты адамдарды жіберу керек».

Айта кетейік, облыстық төтенше жағдай департамент басшысы оқиға орнына 75 қызметкер, 15 бірлік техника және 13 мотопомба жұмылдырылғанын хабарлады. Бірақ тұрғындар бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Енді халық үйімізді ретке келтіріп, шығынымызды өтеп берсін деп талап қойып отыр.

                                                                             Мөлдір Ибадуллаева