Леңгір қаласының тұрғындары баспаналарына алаңдаулы

129

Төлеби ауданы Леңгір қаласында қос қабатты сегіз үйдің тұрғындары әр күнін үреймен өткізуде. Себебі 1930-шы жылдары салынған баспаналардың әбден тозығы жеткен. Жаңбыр жауса пәтердің іші суға толып, жел соқса электр сымы үзілетін үйлер екі жыл бұрын бұзылуы керек болған көрінеді. Алайда, жергілікті билік қаржы жетпейтінін айтып, жаңа баспана салуға асығар емес.

Леңгір қаласының орталығында орналасқан бұл үйлердің сау жері қалмаған. Салынғанына 90 жылға жуықтаған екіқабатты баспана бірде бір рет жөндеу көрмепті. Әбден тозығы жеткен үйдің қабырғасы үгітіліп, ішінен қамыстар көріне бастаған. Ал, жаңбыр жауса шатырдан су ағатын көрінеді.

«Мынаның ішінде ешнәрсе жоқ, міне. Мынаның ішінің бәрі бос міне, ішінің бәрі  түсіп қалған. Подьезіміз де түсіп қалған. Төбеміз үңгірленіп түсіп қалған», дейді тұрғындар.

Ал үйлердің едені тозып, шіріп жатыр. Пәтерлерде су жоқ, тіпті газ құбыры да тартылмапты. Жылу мен кәріз құбыры да жоқтың қасы. Тұрғындар күн салқындаса көмір тасып, үйін пешпен жылытады.

Әсем Зұлыпбекова, Леңгір қаласының тұрғыны: «Қыстың кезінде даладан көмір алып келеміз де ана жерге қойып қоямын. Ағашымыз, даладан суымызды тасып қоямыз. Бала-шағам әкелмесін деп мынаның бәрін толтырып қоямын. Бес бала шағам бар, шаршадым. Мынаның бәрі қандалаға толып қалған. Бала-шағам жата алмайды түнімен».

Ал ағаш пен қамыстың арасынан шыққан қандала бесіктегі балаға дейін тыным бермейді екен. Сонда да басқа барар жері болмаған соң, тұрғындар амалсыз осында күнелтуде. Олар, уақыт өткен сайын бұл баспанада өмір сүрудің өзі қауіпті болып бара жатыр дейді.

Гүлшат Орабаева, Леңгір қаласының тұрғыны: «Каркас үй, не шеге тұрмайды. Не лай ұстамайды. Былтыр соққан пешіміз бұзылып, құлап жатыр. Түніменен жанымызды шүберекке түсйіп қорқып отырамыз, қашан құлап қалады екен деп. Қашан төбесі түсіп кетеді, қай үйден өрт шығады деп».

Рахима Болатбекова, Леңгір қаласының тұрғыны: «Төбемізден су ағып, бәріне кленка төсеп тастағанбыз қазір. Су ағады, төбеміздің бәрі түсіп жатыр. Оны сылайсың әктейсің, ертесіне жаңбыр жауса тағы түседі.  Отырғанымызға отыз жыл болды. Біреуі келіп көрмейді, отырсың ба отыр, болды».

Қызығы, әбден тозығы жеткен 115 пәтерлі үйлер әлі күнге дейін апатты деп танылмапты. Тұрғындар төрт жыл бұрын құжаттарымызды жауаптылар түгел жинап алған дейді. Алайда, одан да нәтиже шықпапты.

Жидегүл Алтыбаева, Леңгір қаласының тұрғыны: «2017-ден бері жазбаған арызымыз қалмады әкімшілікке, бармаған тесігіміз қалмады. Оның алдында барғанымызда айтты, мына Арыстың проблемасы тоқтай тұрыңыздар. Одан кейін барып Түркістанның проблемасы. Сәл қоя тұрыңыздар, шыдаңыздар, шыда. Енді шыдамның ақыры мына үйдің төбесі опырылып түсіп жатыр».

Тұрғын үйлердің алдында балалар ойнайтын алаңшалар да жоқ. Тіпті қоқыс тастайтын жәшіктер де қойылмаған. Сол себепті үй айналасы қоқысқа толып кеткен. Ал жергілікті билік өкілдері осы маңнан жаңадан бес қабатты 4 үй салу үшін жоба жасаттық дегенді айтады. Бірақ оны салуға қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр екен.

Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Жобалау сметалық құжаттарының барлығын жасап, салалық басқармаға бюджеттік өтінімді өткізу үшін біз беріп қойдық. Қаржы биыл бөлінсе биыл бастаймыз 2022 жылы. Қаржы 2023 жылы бөлінсе 2023 жылы құрылысын бастаймыз».

Әкім орынбасары қаржы нақты қашан бөлінетінін дөп басып айтпады. Дегенмен, тұрғындардың жанайқайын ескеріп, ойын алаңшаларын салуға уәде берді. Сонымен бірге, қоқыс тастайтын жәшіктерді де жеткізіп береді. Бірақ бұл жауапқа тұрғындар қанағаттанбай отыр.

Гүлдана Дәурен