Пәтеріңізге ұры түспесін десеңіз…Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің өкілдері брифинг барысында ұрылардан қалай сақтану керектігін айтты. Сондай-ақ жыл басынан бері анықталған жағдайларды баяндап, халықты сақ болуға шақырды.
Сайрам ауданының тұрғыны бүгінге дейін күйзелістен шыға алмай жүр. Осыдан бір ай бұрын әйел адамның үйіне ұры түскен. Ол кезде азаматша жұмыста болған көрінеді. Әккі ұры терезе арқылы кіріп, пәтерден 3 миллион теңге тұратын әшекей бұйымдары мен 300 доллар ақшаны алып кеткен.
«Мен жалғыз басты анамын, тапқан-таянғанымды жинадым. Ол ақша қызыма берілген алимент еді. Алтындарымды сатып, үйді жөндеуден өткіземін деп ойладым. Сосын тапа-тал түсте біреу келіп бәрін алып кетті. Бұл қалай? Полицейлер жұмыс істеп жатырмыз дейді, бірақ бір ай өтті»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Сайера.
Жалпы елде пәтер ұрлығы жайлы шағым аз емес. Мәселен, жыл басынан бері 600-ден астам ұры ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің өкілі Сағындық Жантеміров брифингте айтты. Белгілі болғандай, оның 36-сы бір емес бірнеше қалада ұрлық жасап келген. Сондай-ақ ел бойынша 29 қылмыстық топ әшкере болған.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
«Жеке мүлікті ұрлауда қылмыскерлер пәтерге кіру дағдылары мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи техника мен ұялы байланысты пайдаланады. Есік құлпын ашуға арнайы құралдарды қолданады»
Ішкі істер министрлігі үйіңізді қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауды ұсынады. Мәселен, шыны брондау сияқты қызмет бар. Яғни, әйнекке бірнеше күннен кейін шыныға айналатын арнайы пленка жабыстырылады. Мұндай терезені таспен де, балғамен де сындыру мүмкін емес. Сондай-ақ Сағындық Жантеміров есіктің де сапалысын таңдау қажет екенін айтады.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
«Жақсы құлыптары бар есікті орнатыңыз. Тойтармалары бар құлыпты алыңыз. Кілт неғұрлым көп бұрылса, құлып соғұрлым сенімдірек болады. Пәтерде есіктің ашылмауы, есік пен есік жақтауы арасында бос орындар болмауы маңызды. Бірақ ұрылар көбінесе үйге есіктен емес терезелер арқылы кіреді. Олар пластик терезелерді ашып үлгереді. Қауіпсіздік тұрғысынан ең жақсысы — стационарлық торлар, оларды кесуге немесе жыртуға болмайды. Торлар 1-ші, 2-ші, 3-ші қабаттың тұрғындары үшін ғана қажет емес »
Әрі автономды GSM-дабыл жүйесін орнату арқылы да үйіңізді ұрылардан сақтай аласыз. Егер, сіздің үйіңізге әлдекім заңсыз басып кірсе, құрылғы көрсетілген телефон иесіне sms-хабарлама мен қоңырау жібереді. Осылайша бірден полиция қызметкерлерін шақыра аласыз. Сағындық Жантеміровтің сөзінше, еліміздегі жалпы ұрлықтың бестен бірі пәтер ұрлығы екен.
Сағындық Жантеміров, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
«Пәтер ұрлығы жалпы барлық ұрлықтың 20,5 пайызын құрайды. Келетін шығын шамалы болса да мүлік иесіне айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Азаматтардың қауіпсіздігі мен жағдайына кері әсер етеді. Пәтер ұрлығының салдарынан зардап шеккендерді ауыр жағдайға жеткізбеу маңызды міндет. Сондықтан осындай қылмыстардың алдын алуға және ашуға ішкі істер органдары ерекше көңіл бөледі»
Сондай-ақ, үйіңізде қомақты ақша мен әшекей бұйымдарды сақтамаңыз. Оларды арнайы сейф пен банктте сақтағаныңыз абзал.
Мөлдір Ибадуллаева