20 пәтерді үптеп кеткен ұры ұсталды

127

Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлаудың жолын кесу аясында ұйымдасқан жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіп, тек қана облыс көлемінде емес, Шымкент қаласында да пәтер ұрлауды кәсіп қылған ер адамды құрықтады.

Жыл басынан бері Сарыағаш АПБ-нің кезекшілеріне жергілікті тұрғындардан өз үйінен ақша мен бағалы заттарды ұрлағандығы туралы ондаған шағымдар түскен болатын. Оның ішінде бір жәбірленуші оның үйінен терезе арқылы түсіп, 2 мың доллар ақшасы мен бағалы заттарын ұрлап, 1 500 000 теңге көлемінде шығын келтіргендігін хабарлады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Ұрлық» ҚР ҚК-нің 188- бабы бойынша тіркелді. Аталған қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел іздестіру тобы жасақталды. Тәртіп сақшылары жан-жақты іс-шараларын іске асырды: аумақтағы аулаларды аралап шықты, куәлерден сұрастырды және басқа да қажетті іс-әрекеттер жүргізді.

Нәтижесінде, Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері үй ұрысын Шымкент қаласының бір көшесінен қолға түсірді. Ол бұрында бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін сотты болған, Сарыағаш ауданы тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ұсталған ер адамның Сарыағаш ауданы мен Шымкент қаласында шамамен 20 пәтер ұрлығына қатыстылығы анықталды. Бұлтартпас айғақ ретінде полицейлер терезеден саусақ іздерін алды, ұрланған заттар мен қолғаптарын тәркіледі. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің «Ұрлық» 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті тұтқындалды. Ұрланған заттардың бір бөлігі заңды егесіне қайтарылды.

 

QAINAR KÓZТО ПД баспасөз қызметі