Тұрғындардың ірі көлемдегі несиесін жауып беремін деген алаяқ ұсталды

100

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны сырттай танысы алдап, 2021 жылдың желтоқсан айында 6 миллион теңгесін алып, жоқ болған. Арадан бірнеше ай өткенімен, алаяқ уәдесін орындамаған не ақшаны қайтарып бермеген.

Нақтырақ айтсақ алаяқ, жәбірленуші мен қызының банктерде 9 миллион несиесін, 6 миллион берсеңіз, толық төленді деген түбіртек әперемін деп сендірген. Дәл осындай арызбен жоғарыдағы күдіктіге қатысты полицияға тағы бір егде жастағы әйел арызданды. Бұл жәбірленуші 6 миллион қарызын, 1,5 миллион теңгемен жауып беремін деген танысының сөзіне иланып, сұрағанын берген. Аталған жайттар бір күдіктіге қатысты болғандықтан, полицейлер істі бір өндіріске біріктіріп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Жәбірленушілерді алдап, несиелеріңді жауып беремін деп сендірген алаяқтықты ұстау, қылмысты ашу мақсатында сайрамдық сақшылар шұғыл іске кірісті. Алданған әйелдердің жауабына сәйкес полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол бұрын алаяқтық жасап, сотты болған жас жігіт болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті тұрғындардан алдау жолымен алған ақшаны жеке-басының пайдасы үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда «Алаяқтық» бабымен тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полицейлер күдіктінің бұдан да басқа алаяқтық қылмысына қатыстылығын анықтайтын болады.