Қоғам қайраткерінің ұлы әйелін лифтте аяусыз соққыға жығып, видеоға түсіп қалған

0

Аяусыз соққыға жығылған кадрларда қоғам қайраткері, «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының мүшесі Гүлайым Шұңғареваның ұлы мен келіні бейнеленген. Тұрғын үй кешендерінің бірінің лифтісінде ер адам жас әйелді аяусыз соққыға жыққан. Болған оқиғаның барлығы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Жазбаны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Бейнебақылау камерарасындағы жазбада 33 жастағы жігіт әйелдің жағасынан ұстап, еденге құлатқаны көрініп тұр. Содан кейін бірінен соң бірі асқазанын, сосын кеуде аймағын тепкілеген.

Бейнебақылау камерасына түсірілген күнге қарағанда, оқиға 28 наурыз күні түнгі сағат 1:30-да болған.

Айгүл Орынбектің айтуынша, кадрларда Гүлайым Шұңғареваның – ұлы мен келіні бейнеленген. Г.Шұңғараева «Аманат» партиясының мүшесі, сонымен қатар Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат. Ол бұған дейін оңтүстік мегаполистегі әйелдердің мәселелерін айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге шақырған болатын.

Бүгін шымкенттік белгілі қоғам қайраткері Гүлайым Шұңғареваның барлық аккаунттары жойылды.

Оқиғаға «Аманат» партиясының жергілікті филиалы түсініктеме берді.

«Біз бұл жағдайды бақылауға алдық. Бұл оның үлкен ұлы. Ол біздің партияның мүшесі емес. Сондықтан біз оған ешқандай әсер ете алмаймыз. Гүлайым Шұңғаревамен түсіндірме әңгіме жүргізіп, әлеуметтік жобаларымыз бойынша үгіт-насихат жиындарына бармауы үшін қоғамдық шараларға қатыспауын өтіндік. Бұл жағдаймен енді партиялық бақылау айналысады, шешім кейінірек қабылданады», – деді «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева.