Жеделсаты төңірегіндегі дау

111

«Нұрсәт» шағынауданындағы 135 а үйдің тұрғындары редакциямызға хабарласып, лифт шаруашылығы мамандарының жұмысына шағым айтты. Сөзінше қызметі үшін төлем алған мекеме қызмет сапасын арттыруға, тұрғындардың қауіпсіздігіне мән бермейді дейді.

Айжан Акбаева балалары үшін алаңдаулы. Сөзінше, көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсатының жағдайы мәз емес. Абайламаса темір торлы лифтінің ілініп-салынып тұрған қабырғаларынан баланың төмен қарап құлдилап құлап кету қауіпі бар. Есік дұрыс жабылмайды, себебі, сыммен байланып бекітілген.

Айжан Акбаева, тұрғын: «Лифт біресе істейді, біресе істемейді. Тоқтап қалса, балаларымызбен не істейміз? Жүкті әйелдердің тынысы тарылып, қулауға жақын. Мүмкіндігі шектеулі  көршіміз бар, лифт істемегенде оның түсіп көтерілуі қиындайды. Тағы бір күрделік. Лифттің айналасындағы темір тор. Олардың ашық жерінен балаларымыз төменге түсіп кетеді ме деп қауіптенеміз. Сосын ғой шырылдап жүргеніміз».

Лифт үшін осындағы 109 пәтер иесі 1 мыңнан ай сайын төлем жасайды екен.
Ақысын тұрақты алғаннан соң, жұмысы да соған лайық болса дейді тұрғындар. Оның үстіне лифттің төңірегіндегі қоқыс та мүлдем жиналмайды. Сымдар да ажырап қауіп төндіруде дейді Қарлығаш Дүйсекеева

Көпбалалы, аз қамтылған отбасылары мен қамқорлықсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын «Нұрсәт» шағынауданындағы 135 а үйдегі жедел сатыға қызмет көрсететін мекеменің мамандары тұрғындардың арыздарынан хабардар екен. Алайда неге екені белгісіз, бүгінге дейін ешқандай шара көрмеген.

Абай  Пернебек, «Пернебеков» ЖК өкілі: «Әйелдер лифтермен ұрысып қалған. Сосын ғой түсірілім тобын шақырған. Әйтпесе, лифт істеп тұр. Темір торға және де  сымдарға, қоқысқа қатысты мәселелерді шешеміз».

Тұрғындар жедел сатыға қатысты мәселені жауаптылар жақын арада шешпесе, қала әкімдігіне жүгінуге бекініп отыр.

Шынар Оразова