Шымкентке референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшелері келді

114

Шымкентке Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаттары, Референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшелері келді. Іссапардың басты мақсаты — халыққа ел үшін маңызы зор референдумның мәнін түсіндіріп, қатысуға шақыру. 5 маусым күні болатын жалпыхалықтық референдумда 98 баптың 33-не өзгеріс енгізіледі. Халық қалаулылары бұл — ел үшін елеулі оқиға екенін айтады.

Үшінші мегаполиске ҚР Мәжілісінің депутаттары, референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшелері келді. Халық қалаулылары қалалық №1 клиникалық балалар ауруханасының ұжымымен кездесті. Штаб мүшелері алдымен аурухананы аралап, медициналық мекеменің жұмысымен танысты. Жиында олар медқызметкерлерге Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы толық мәлімет берді.

Сондай-ақ, түзету енгізілетін заңдарға да жеке-жеке тоқталып өтті. Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов дауыс беру арқылы халық өз болашағының жарқын болуына үлес қосады дейді.

 Берік Бекжанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Елде оң өзгерістер болу мәселесі. Ал осы Конституцияға енгізілетін өзгерістердің өзі халықтың тікелей биліккке арласуы, елді басқаруға жол ашатын арнайы баптар бар. Осыны түсіндіру мақсатында халқымыз өзінің тікелей сайлау арқылы сайлану құқықтарының қалпына келу мәселесі өте оң қабылдап жатыр. Оның барлығы осы Конституцияда орын алатын басты баптардың бірі. Міне сондықтан да халықтың өзгерістерге оң көзқарас танытып жатқанын көзіміз көріп жүр».

Депутаттар референдумның әр адамға жеке таңдауын жасауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті. Яғни, мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Депутат Ғани Ташқараев референдум туралы  халықтың пікірі жақсы екенін айтады.

 Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «33 баптың өзгерістері болады. 56 өзгерістің бәрі бір бюллетеньде. Яғни, келісемін немесе келіспеймін деген екі ғана нұсқа болады. Бапты бір-біреуден қарауға болмайды, себебі оның бәрі бір-бірімен байланысты.  Кездесулер болып жатыр ғой, сонда біреулер айтып жатыр «мен мына екі баппен келіспеймін» деп. Ондай болмайды ғой, 2 баппен келіспесеңіз, 30 баппен келісіп тұрсыз ғой».

Референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшесі Берік Уәли халық тарапынан айтылған ұсыныстардың міндетті түрде ескерілетінін алға тартты.

Берік Уәли, Референдумды қолдау жөніндегі республикалық штаб мүшесі: «Егер де референдум іске асатын болса, Ата Заңдағы бұл өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға, халықтың билікке деген ықпалын арттыруға көп септігін тигізеді.  Бұл референдумда көптеген өзгерістер бар».

Қалалық №1 клиникалық балалар ауруханасының қызметкерлері референдумға міндетті түрде баратынын айтады. Себебі, референдум — Жаңа Қазақстанда жаңару үшін маңызды қадам деп есептейді.

Болат Нұсқабаев, Шымкент қалалық №1  клиникалық балалар ауруханасының жарақат-ортопедия бөлімінің меңгерушісі: «Жаңа Қазақстан» деп жылдың басынан бері айтылып жатқан еліміздің президентінің сөзіне біз негізі қосыламыз. Жаңа Қазақстан керек. Халықтың көзқарасы өзгеруі керек жаңа жаққа. Біз дәрігерлер, медициналық қауым, жаңалықтар болса оған толық қосыламыз. Жаңалық деген елдің жаңаруы деген сөз ғой».

Республикалық штаб мүшелері медицина қызметкерлеріне дауыс беру тәртібін де түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді  халықтың таңдауына салу ұтымды шешім екенін айтып қала тұрғындарын жалпыхалықтық референдумға белсене атсалысуға шақырды.

Гүлдана Дәурен