Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

15

Шымкентте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлектеріне арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Ұйымдастырушылар шаһардағы іргелі оқу орны, «Жастар» ресурстық орталығы және Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы. Жұмыс берушілер түлектерге жүзден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Бос орындар жәрмеңкесіне университеттің биылғы түлегі Бақдәулет Жайлыбек жұмыс іздеп келіпті. Ол жақында инженер-механик мамандығы бойынша диплом қорғайды. Студенттік жылдары даяшы, бармен болып жұмыс істеген жігіт қазір мамандығы бойынша жұмыс істеуге ниетті.

Бақдәулет Жайлыбек, М.Әуезов атындағы ОҚУ түлегі: «Бүгін мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс табу үшін келдім. Бірнеше жұмыс берушіні араладым. Қазір, әрине, ең бастысы – жалақы. Мен табысты және ыңғайлы кестемен жұмысты іздеп жүрмін. Оқу барысында әртүрлі зауыттарда тәжірибеден өттім».

Жәрмеңкеде жүз алпысқа жуық мекеме бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында «3-Энергоорталық» АҚ кәсіпорны да болды. Жылу электр орталығына қазір энергетиктер, лаборанттар, жылу автоматикасының мамандары қажет болса, ал мына мекемеге жобалаушылар, ІТ мамандары қажет екен.
Әділбек Исмаилов, жұмыс беруші: «Біз университетпен тығыз қарым қатынаста жұмыс істейміз. Қазір қорғау болып жатыр жобалушыларды солардың арасынан таңдаймыз. Жәрмеңке керемет мүмкіндік береді маманмен сөйлесіп оның қабілетін.біздің мекеме тек қалада емес барлық өңірлерде жұмыс істейді».

Бүгінгі жәрмеңкеде Оңтүстік қазақстан универистетінің түлектері өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Іс шараның мақсаты да – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту болатын. Бүгінде нарықта тамақ өнеркәсібіне технологтар, құрылыс және өндіріске техникалық мамандықтар инженерлер, механиктер және IT мамандары жоғары сұранысқа ие.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры: «Бүгін өткен жәрмеңкені үлкен шара деп атауға болады. Біз студенттер үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырдық. Бізде қазір 3700 түлек бар, менің ойымша, бүгінде әрбір студент жұмысқа орналасу үшін өз қабілеттерін көрсетеді. Өткен жылы бізде 4200 түлек болды, олардың 83% – ы жұмысқа орналасты».

Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 2 мыңнан астам түлек қатысты. Олар өздеріне қажетті ақпарат- кеңестермен бірге , ең бастысы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

Шынар Оразова