Тұрғындарды 100 млн. теңгеге алдап соққан қылмыстық топ ұсталды

68

Шымкентте алдын ала сөз байласқан адамдар тобы тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант ақша, төмен пайызбен несие алып береміз деп сендірген. Осылайша алаяқтық жолмен бірнеше рет ірі мөлшерде және аса ірі мөлшерде ақшаларын заңсыз иемденіп отырған.

Нақтырағы, Шымкент қаласы Полиция департаментіне 30 шақты адам алданғаны бойынша арызданған. Яғни әр бағыттағы қызметке азаматтар 100 000 теңге мен 750 000 теңге аралығында ақы бергені туралы жазып көрсеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 100 млн теңгені құрайды.
Барлық жайттың мазмұны біртектес болғандықтан тәртіп сақшылары жан-жақты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Жедел-тергеу тобы куәлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың жүруі мүмкін жерлер жіті қаралады.
Нәтижесінде алаяқтықты кәсіп еткен 6 адамнан құрылған топ анықталды. Оларға қатысты ҚР ҚҚ-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда 4 азаматша ұсталып, оларға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. Ал бір азаматша Нұр-Сұлтан қаласының сотымен 3 жыл 6 айға сотты болып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде. Тағы бір айып тағылған күдікті тұлға Әл-Фараби аудандық сотынан бой тасалауына байланысты мемлекетаралық іздеуге жарияланған.
Полицейлер алаяқтардың арбауына түскен азаматтардың саны бұдан көп болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарға сақтық шараларын қатаң ұстанып, күмәнді қызмет ұсынған адамдарға сене бермеуді сұрайды. Кез келген құжатты заң жүзінде рәсімдеп, қажетті ақпарат алу үшін ресми мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес береді.