Тұрғындарға 10 млн. теңге шығын келтірген барымташылар құрықталды

116

Түркістан облысында мал ұрлап 10 млн. теңге шығын келтіргендер құрықталды. Полиция қызметкерлері барымташыларды іздестіру барысында 28 бас ірі қара мен жылқы ұрлаған бір топ күдікті ұсталған. 7 адамнан құралған топтың үстінен 14 қылмыстық факті бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Келес ауданында мал ұрлаумен айналысып жүрген 7 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар бүінге дейін 28 бас малды жымқырып үлгерген. Шығын көлемі 10 млн. теңге. Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынып, іздеу жұмыстары жүргізілген.

Сұлтанбек Үсіпбеков, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы: «Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы және Келес аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіпр атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде Келес және Мақтарал аудандарынан 7 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Аталған топ қылмысты ұйымдастырушылар, орындаушы және ұрланған малды сатып алушы мен қасапшылардан құралған».

Полиция қызметкерлері жүргізген жан-жақты тексерудің нәтижесінде күдікті ретінде Келес ауданының тұрғыны ұсталған. Тергеу барысында күдіктінің 7 адамдық топпен жұмыс істегені анықталып, оның сыбайластары да қамауға алынды. Сондай-ақ ұсталғандардың 14 жайт бойынша мал ұрлығына қатысы бары екендігі белгілі болды.

Сұлтанбек Үсіпбеков, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы: «Тексеру барысында күдікті тұлғалардан ұрланған малды таситын «Газель» көлігі мен бірнеше жылқы мен ірі қара мал айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды».

Айта кетерлігі, қылмыстық топ алдын ала жоспар құрып, әрбір мүшесі өзіне жүктелген міндетті орындап отырған. Мысалы, келестік тұрғын қараусыз қалған ірі қараны өзінің ұсақ малына қосып алып, шетке шығарып отырған. Олар 28 бас олжасын арзан бағада қасапшылар мен алып сатарларға сатып жіберген. Күдіктілерден «Газель» автокөлігі мен 6 жылқы, 2 сиыр тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде