Шалғайдағы шағынаудандарды инфрақұрылыммен қамту жұмысы жалғасып жатыр. Абай ауданына қарасты Арғымақ елдімекенін ауызсумен қамту жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді. 2021 жылы басталған жоба барысында ұзындығы 6 800 шақырым су құбыры тартылып, тұрғын үйлерге қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Қазыбек Пентаев Арғымақ шағынауданына осыдан 7 жыл бұрын көшіп келген. Осы уақыт аралығында суды тасып ішіп күнелткен азамат тек кейінгі жылдары жекенің меншігіндегі таза суға қол жеткіздік дейді. Сапалы тіршілік нәріне қол жеткізген тұрғынның қуанышында шек жоқ.
Қазыбек Пентаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерге келгеніме 6-7 жылдай болды. Суды сатып іштік алдын, кешегіге дейін сатып іштік қой негізі. Үкіметтің суы, газы келіп жатыр. Сатып алып ішкен қиын ғой негізі. Үкіметтің суы келді қолжетімді, үйге дейін кіріп тұр. Әкімімізге рақмет көп-көп!».
Сапалы сумен қамту үшін Құрсай, Арғымақ шағынаудандарына жалпы құны 5,5 млрд теңге қаржы қаралған. Ал ауызсу тарту жұмысы 2021 жылы бастау алған. Дегенмен күзде бітуі керек құрылыс жұмысы мерзімінен бұрын аяқталды дейді жауаптылар. Қазір елдімекендегі 82 үй аумағына тіршілік нәрі беріліп отыр.
Еркебұлан Насыр, Абай ауданы әкімі аппараты қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы: «Арғымақта жалпы жер телімдерінің саны 450, су құбырын жүргізіп «реголит» мекемесі бітіп жатыр. Бүгінгі таңда тұрып жатқан 82 үйді қамтып отыр. Үйлердің барлығына суды бердік. Есіктің алдына дейін құбырмен жеткізіп отырмыз. Ары қарай тұрғындардың өзі үйіне кіргізіп алады».
Мамандар шағынауданға көгілдір отын тарту жұмысы да жақын арада аяқталады дейді. Ал аумақтағы 9 көшенің төртеуіне мамыр айында тас төселген. Қалған 5 көшеге жыл аяғына дейін төсеу жоспарланып отыр. Электр жарығымен жүз пайыз қамтылған тұрғындардың ендігі қалауы — шағынауданға мектеп салу мәселесі.
Гүлдана Дәурен