Мемлекеттік қызметтерді онлайн ал

0

Жаздың келуімен бірге демалыс маусымы да басталды. Бұл уақыт ХҚО қызметкерлері үшін де ыстық кезең, себебі демалысында құжаттарын реттеп алғысы келгендердің легі көп. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы анықтамаларды онлайн алуға шақырады.

Бүгінде жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуден басқа мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады. Мысалы, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, автокөлік сатып алу және тіркеу, түрлі жәрдемақылар тағайындау, тұрғын үй көмегі, студенттерді уақытша тіркеу, медициналық анықтамалар беру секілді мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан көбін egov.kz порталы, mgov мобильді қосымшасы, EgovKzBot2.0 телеграм-боты, сондай-ақ Kaspi.kz және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы онлайн алуға болады.

«Мемлекеттік қызметтер барлық қазақстандықтарға бірдей онлайн қолжетімді. Тіпті кейбір қызметтерді алуға ЭЦҚ талап етілмейді, бір реттік құпиясөз арқылы да ала аласыз. Қызметтерді онлайн алуды арқылы уақытыңызды шынымен маңызды нәрселерге жұмсаңыз», – дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 7 ХҚО және 3 мамандандырылған ХҚО бар. Олардың әрқайсысында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді. Мұнда клиенттер мемлекеттік қызметтерді талонынсыз, кезек күтпей-ақ ала алады.

Анықтама: Шымкент ХҚО-лары 2022 жылдың бес айында 450 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.