Шағын несие бойынша артық төлем шегеріледі

37

Сенатта шағын несиелер бойынша артық төлем мәселесі көтерілді. Қазақстандықтар шағын несие ұйымдарынан ақша алып, оған екі есе артық төлем жасайды. Десе де, көпшілік артық сома көлемін шегергісі келеді. Оған қоса, жиында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа басымдықтар жайлы да сөз болды.

Шағын несиелер бойынша артық төлем сомасы шегерілмек. Енді 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде сондай-ақ 45 күнге дейінгі мерзімге шағын несие берудің ерекше шарттары бар. Жалпы микрокредит бойынша сыйақының ең жоғары құны мен өсімпұл мөлшері шектелді.

Мадина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы: «Микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларының борыштық жүктемесін азайту мақсатында, заң жобасында микрокредит бойынша артық төлем сомасын екі есеге, яғни шағын несие сомасының 100-ден 50 пайызына дейін қысқарту арқылы, қарыз алушылардың борыштық жүктемесін шектеу ұсынылады. Заң жобасы тұтастай алғанда экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру , сондай-ақ қор нарықтарының серпінді өсуін қамтамасыз етеді».

«Жылдам» ақша қажет болған жағдайда қазақстандықтар микроқаржы ұйымдарының көмегіне жиі жүгінеді. Оның негізгі себебі, керекті қаражатты тіпті үйден шықпай-ақ алуға болады, есесіне сізге қарызды еселеп қайтаруға тура келеді. Отырыста, аталған мәселеден бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы да сөз болды. Енді I және II топтағы мүгедектер үшін жеке нотариустардың қызметі тегін болады. Сонымен қатар, автобус парктеріне арбадағы мүгедектерге арнап пандусы бар көліктердерді белгілі мөлшерді сатып алу міндеттелді.

Ақмарал Алназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Заңның көптен күткен жаңалықтарының бірі – мүмкіндігі шектеулі баламен бірге жүрген заңды қараушысының шипажайда тұруына кеткен шығынның 70 пайызын өтеу. Бұл шешім ерекше күтімді қажет ететіндер мен оларға көмектесіп, еріп жүретін адамдар үшін өте маңызды. Яғни, баламен бірге қаражаты жетпегеннен оның заңды қараушысы бара алмаған жағдай да, мүмкіндігі шектеулі баланың шипажайға тегін билетті пайдалана алмау жағдайларын айтарлықтай азайтпақ».

Сенатта зейнетке ерте шығу жайлы да айтылды. Мәселен, елімізде бірлескен немесе ерлі-зайыптылық зейнетақы аннуитетін енгізу жоспарлануда. Бұл сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу мен дамыту мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер қабылданғаннан кейін мүмкін болмақ. Сенат заң жобасын екінші оқылымда қарап, арнайы түзетулермен Мәжіліске қайтарды.

Мадина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы: «Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіріп, зейнеткерлік аннуитет сатып алуға мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінің зейнетақы жинақтары, зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артық болса , онда бірлескен зейнетақы аннуитеті екеуіне де өмір бойы жәрдемақы алуға мүмкіндік береді»

Сонымен қатар, көпшілік жазатайым оқиға кезінде сақтандыру төлемдерін алуды жеңілдетуді қалайды. Олар мұны мобильді қосымша арқылы жасағысы келеді.

Мадина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы: «Бұл тәртіп полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей жол-көлік оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жедел алуды қамтамасыз етеді. Заң жобасының маңызды жаңалығы – автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша икемді баға механизмін енгізу. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері 2007 жылы заңмен бекітілген және содан бері жаңартылмаған. Икемді есепшот жүйесіне көшу Қазақстан аймақтарындағы нақты жазатайым оқиғаларды ескере отырып, сақтандыру тарифтерін автоматты түрде жаңартады».

Қаржы нарығын реттеу ісі бойынша бас маман, көлікті міндетті сақтандыру тарифтерін өзгертуді ұсынып отыр. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері 15 жыл бұрын белгіленген және содан бері жаңартылмаған екен. Ал, икемді есепшот жүйесіне көшу сақтандыру тарифтерін автоматты түрде жаңартпақ.

Аида Қарсыбайқызы