Жастарға шағын несие беру бойынша комиссия отырысын Еңбекминнің бас сарапшысы бақылады

22

 

Шымкентте жастарға арналған шағын несие беру бойынша кезекті комиссия отырысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Жадыра Оразбаева қатысты. Еңбекмині өкілінің бақылауымен өткен жиында жеңілдетілген несие алуға үміткер 35 азамат өз жобаларын қорғады.

Жастардың басым көпшілігі ауыр жүк көлік тасымалы, ірі қара мал бағу мен сауда-саттық дүкендерін ашу және қызмет көрсету бойынша идеяларын ұсынуда. Тәуелсіз комиссия өкілдері бизнес-жобаның өміршеңдігі мен қоғамдық маңыздылығына қарай іріктейді.

Аталған мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады.

Еңбекминінің бас сарапшысы Шымкентке іс-сапары барысында сондай-ақ жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегімен кәсіп ашқан азаматтардың жұмыс орындарын аралады. Жалпы, Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа шағын несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Бүгінгі таңда 400-ге жуық құжат қаралып, 209 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 158 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін жүргізуде.

Шымкентте өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет. Мекен-жайы: Қонаев даңғылы, 3/3