Шағын несиеге бөлінетін 20 млрд теңге қандай шарттармен беріледі?

521

Елбасының бастамасымен шағын несиеге берілетін 20 млрд теңге қандай шарттармен берілетіндігі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтты, деп хабарлайды inform.kz .

Вице-министрдің айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 2018 жылы 41,8 млрд теңге қарастырылған. Енді Елбасының тапсырмасына сәйкес қосымша 20 млрд теңге қосылады. Сонымен 62 млрд теңгеге жуық қаражат биыл шағын несие беруге жұмсалады.

«Қосымша бөлінетін 20 млрд теңгенің 14 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 6 млрд теңгесі қалаларға беріледі. Жалпы бағдарлама аясында берілген несиелер ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес субъектілерінің 3,6 пайызға артуына септігін тигізді», – деді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде шағын несие ұйымдары қарызды 30, тіпті 50 пайызға дейінгі үстемемен береді. Ал бұл кәсіпкерлікті бастау үшін өте ауыр үстеме саналады.

«Ал бағдарлама аясында жоғарыда аталған қаржы 6 пайызбен қалада 5 жылға дейін, ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығымен айналысатын болса 7 жылға дейін беріледі. Ауыл халқы үшін 6 пайыз өте тиімді. Сондықтан сұраныстың өте көп екендігін көріп отырмыз», – деді ол.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы 15 мың адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренсе, ағымдағы жылы кәсіпті қалай бастау керектігін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы 30 мың адам игеретін болады.

«Ауыл азаматтары осы қаражаттарды алып, өз бизнесін бастағылары келсе ең алдымен «Атамекен» ҰКП филиалдарына жүгініп, өтінімдерін беруі қажет. Бұл несиелер ауылдық жерлерде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы, ал қалаларда екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі.

Бірақ, қалада жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ең алдымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалы немесе Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары не болмаса Жұмыспен қамту орталықтарында жүгінсе болады», – деді вице-министр.