Шымкенттіктер тұтынбаған газға ақы төлеуге қарсы

215

Шымкентте тұрғындардан тұтынбаған табиғи газ үшін басы артық ақы талап етілген. Таратылған түбіртектегі төлемдер еселеп көрсетіліпті. Тұтынушылардан түскен осы арыздың негізінде монополияға қарсы департамент өкілдері «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалының жұмысын тексеріп жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Бүгінде қаладағы төлем орындарында қолдарына түбіртек ұстап сабылған адам қарасы көп. Барлығы неліктен кенеттен артық ақы қосылып кетті деп түсінбей дал. Әдетте 10-15 мың төлейтіндерін айтады. Артық ақы жекелеген азаматтармен қатар жеке кәсіп иелерінің де қалтасына қосымша салмақ салған көрінеді.

Земфира Қалмұратова, жеке кәсіпкер: “Мен қаңтар айына есептеуіш бойынша 43 мың 769 теңге төлеуім керек. Бірақ, маған келген түбіртекте 77 мың теңге көрсетіліпті. Бақандай 33 мың теңге артық ақы қосылып тұр. Тексертіп шықтым. Артық жаққансың дейді. Ол мүмкін емес. Менде бәрі есептеуіште жазулы тұр”.

Абдуалы Атабаев, қала тұрғыны:  “Өткен айда 15 мың төлер едік, 20 мың шығып кетті. 20 мың теңге. Шошып кеттім ғой, қайда барамын? Арғы жағына барсам айтты: «Келесі айда туралап жібереміз ғой қорықпаңыз»,- деді. «Қолы тұр ғой»,- деді.

Көгілдір отын бойынша түбіртек таратумен айналысатын жауапты орын өкілдері мұны жүйеде кеткен ақау деп түсіндірді. Бірақ, мұны камераға айтудан бас тартты. Ал, монополияға қарсы департамент басшысының мәліметінше, қараша айынан бері осындай арызбен 141 адам келген. 14 тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде газға жауапты мекемеге 40 млн. теңге айыппұл салынған. Оның дені тұрғындардан тұтынбаған табиғи газ үшін басы артық ақы төлем талап етілгені үшін.

Дархан Кайынбердиев, Шымкент қаласы бойынша ТМР, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басышысы: “12 әкімшілік іс қозғалып, 40 млн. теңге айыппұл салынды. Бізде қазір қаңтар айына да көптеп түсіп отыр арыздар. Сол арыздар бойынша біз міндетті түрде жоспардан тыс тексеріс ашамыз. Прокуратура органдарына тіркеп тексерісті, сол тексеріс бойынша анықталып жатса, заң бұзушылық ол бойынша біз шара қолданамыз”.