«Шымкент жүрек орталығында» елордадан келген мамандар бірегей ота жасады

86

 «Шымкент жүрек орталығында» Нұр-Сұлтан қаласынан кардиология саласының мамандары келіп, шеберлік сабағын өткізді. Елордалық кардиохирургтар қаланың үш тұрғынына күрделі операция жасады. Мамандар ота барысында науқастың ағзасына механикалық құрылғы орнатты.

Шымкентте 38 жастағы азаматқа бүгін бірегей ота жасалды. Бұған дейін созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұрған азамат бір жылда бірнеше рет ауруханаға түскен дейді дәрігерлер. Бүгін оның сол жақ қарыншасына механикалық құрылғы орнатылды. Бірнеше сағатқа созылған отаны елордалық және жергілікті кардиохирургтар жасап шықты.

Сыныбек Сапаров, «Шымкент жүрек орталығының» кардиохирург-дәрігері: «Операцияның мақсаты — сол жақ қарыншаға механикалық құрылғы қоямыз. Ол құрылығының қызметі сол жақ қарыншаның қызметін атқарады. Себебі сол жақ қарынша кеңейіп кеткен, соғу қабілеті өте төмен. Сол себепті жүректің насос функциясын осы құрылғы мойнына алады».

Аталған күрделі операция Қазақстанда тек ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта ғана жасалатын. Бұл жүрек трансплантациясына көпір ретінде қолданылатын қауіпсіз әдіс дейді мамандар. Созылмалы жүрек жетіспеушілігіне арналған ота түрі Шымкентте өткен жылы 3 рет өткізілген. Дәрігерлер қазіргі таңда үш науқастың да жағдайының қалыпты екенін айтады. Ал биыл 6 айдың ішінде бірініші рет жасалып отыр.

Махаббат Бекбосынова, «ҰҒКО» КЕАҚ Басқарма төрағасы: «Созылмалы жүрек жетіспеушілігі — қан айналымы ауруынан болатын өлім-жітім құрылымының 60 процентін құрайды. Пациенттер жағдайы ауыр кезде, басқа қалаға барып әуре болмай, Шымкент қаласында ота жасата алатындай жағдай жасауымыз керек. Сол себептен біз арнайы келіп, осы салада жүрген барлық маманның білімін жетілдіру мақсатында шеберлік сабақтарын өткізіп жатырмыз. Біз қазір жаңа технологияларды аймақтарға жеткізіп, күрделі оталарды жасаудамыз».

Созылмалы жүрек жетіспеушілігі — бұл тыныс алудың қиындауы, физикалық белсенділіктің төмендеуі, шаршау және ісіну белгілері бар қауіпті ауру. Аталған дерт жоғары қан қысымы, қант диабеті және инфаркт алған адамдарда тез дамиды.

Ал «Шымкент жүрек орталығы» аталған дерт түрімен күресу үшін жыл сайын 3300-ден астам коронарлық ангиография, 1800 стендтеу және 600-ге жуық ашық жүрекке операция жасайды екен.

Гүлдана Дәурен