Еңбекке ерте араласқандар мен тәжірибесі мол мамандардың мерекесі жақындап қалды

19

Шымкентте «Еңбек күніне» орай мерекелік іс-шаралар басталды. Айтулы мереке 2013 жылдан бері ел аумағында тойланып келеді. Осы орайда А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханаға еңбегі еленген өңір қызметкерлері жиналып, олардың мансап жолы оқушылар мен студенттерге дәріптелді.

Танымал дизайнер болу Жалила Күдербекованың өмірдегі басты мақсаты. Бүгінде тігінші мамандығында білім алып жүрген студенттің аталған салаға деген қызығушылығы жоғары. Жастайынан анасынан тігін сабақтарын алып, келешекте Қазақстан нарығына отандық өнімдерін ұсынып, киім-кешек түрлерін жасауды көздеп отыр.

Жалила Күдербекова, дизайн факультетінің студенті: «Үйде  өзімнің анамның үйретуі бойынша тігетінмін. 2 курстан бері практиканың басталғанына 2 апта болды. Біз екі аптада киім  тігіп, мата тігістерін бізге арнайы пән мұғаліміміз  үйретіп жатыр. Болашақта мен  әйелдер киімі, ерекше ашық та емес, жабық емес, өзінің ерекше тартымдылығымен сондай киімдерді тіккім келеді».

Нақтылық, ұқыптылық тігін саласына бет бұрғысы келетіндер бойынан табылу қажет дейді тәжірибесі мол тігінші Айнұр Төлегенова. Тігіншілікті таңдап, болашағын осы саладан көретін азаматтардың қатарынан бүгінде жігіттер де бой көрсетуде дейді маман.

Айнұр Төлегенова,  Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы: «Біздің колледжімізге тігін яғни дизайнерлік бағытта оқушылар армандап келеді. Және сол армандарының жетегінде жеткізіп,  білім береміз. Тігін модельер, модельер пішуші мамандығын береміз. Олар қаладағы ателье, цех, фабрикада жұмыс істейді».

Айта кетейік, 2013 жылдан бері жыл сайын қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтіледі. Биыл бұл айтулы күн 27 қыркүйекке тұспа-тұс келіп отыр.

Ақмарал Омарова, А. Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасының жоғары дәрежелі кітапханашы: «Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады дейді Президент. Маңыздысы қандай жұмыс жатқаның емес, орны қалай істеп жатқаның. Және де мұғалім болсын, министр болсын адал еңбекпен жұмыс істеуге тілге тиек етті Президент. Сол себептен жастарға үгіт насихат болатындай іс шараларды ұйымдастырып тұрамыз».

Еңбек күнін мерекелеу дәстүрі әлемдік тренд, әлемнің 100-ден астам елі бұл күнді айрықша атап өтеді. Ал бірқатар мемлекеттерде ол мемлекеттік мәртебеге ие. Еңбек құндылықтарын ілгерілету мақсатында осы мейрам қарсаңында бірталай шара өткізу жоспарда бар деді ұйымдастырушылар.