Шымкенттік келіндер бақ сынасты

113

Қазақы салт-дәстүрі сақталған оңтүстікте «Шымкент ханымы — 2022» байқауы өтті. Кастингке қатысқан 100 ананың 15-і іріктеліп ақтық сында өнер көрсетті. Олар әдет-ғұрпымызды ұлықтап, ұлттық тағамдарды ұсынды.

Халқына иіліп сәлем берген шымкенттік келіндер киелі сахнада бақ сынасты. Олар алғаш рет өтіп жатқан «Шымкент ханымы-2022» байқауында өз өнерлерін көрсетіп, жұртты тәнті етті. Бірі бауырсақ пен нан, енді бірі ұлттық тағам дайындап көрерменге дәм ұсынды.

Мұндағы басты мақсат үйде отырған аналарды жан-жақты дамытып, салт-дәстүрімізді жаңғырту.

Әсем Амангелдиева, «Шымкент ханымы» байқауының қатысушысы:
«Өз өнерімізді паш етуге, білім алуға және өнерімізді сахнада жариялауға болатындығын дәлелдегім келеді басқа да аналарға. Бұл сайысқа қатысу арқылы мен өте көп сабақ алып жатырмын. Біріншіден жақсы орта таптым. Екіншіден, өзім сияқты ашық-жарқын жандармен таныстым. Үшіншіден қазақтың салт-дәстүрін ұстануды, тағы да біз білмейтін тұстарын үйреніп біліп, сахнадағы жүріс-тұрыс бәрін бізге осы жоба арқылы үйреніп жатырмыз».

Байқауға қатысушылардың басым бөлігі көпбалалы аналар. Мәселен, 33 жастағы Ажар Ермекбай байқауда 5 баласымен бірге өнер көрсетті.


Ажар Ермекбай, көпбалалы ана: «Барлығы қиын. Бірақ әйел болғаннан кейін балаларға да қарау керек. Үйде отырып қалғанннан өзіңді дамытып, әрі қарай өсірген дұрыс деп ойлаймын. Жобаға қатысудағы мақсатым ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, өскелең ұрпаққа көрсете білу».

Шараның өтуіне ұйытқы болған Гүлрайхан Әмірова да көпбалалы ана. Өзі сияқты жандардың дамуын қалаған ол бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады дейді.

Гүлрайхан Әмірова, ұйымдастырушы: «Бұл аналарға сахнаға жалаңбас шықпау керек. Бұл бірінші шарт. Сонымен қатар біздің оңтүстігіміз салт-дәстүрлің қою-қаймағы екенін дәлелдеу. Біздің ұмыт болып кеткен этно стильдегі қазақ киімдерін насихаттау, салт-дәстүрімізді көрсету. Артындағы ұрпақтарына өздерінің дәстүрін тәрбие ретінде қалдыру».

«Шымкент ханымы 2022» атағын жеңіп алған келінге демеушілер есебінен 500 мың теңгелік қыз жасауы берілді. Сондай-ақ, өзге де жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.

                                                                                                 Мөлдір Ибадуллаева