Түркістанда екі қабатты дәмхана өртке оранды

38

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жанындағы екі қабатты дәмхана ғимараты өртенді, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Түркістанда «Жеті Таңдыр» дәмханасының екінші қабатындағы екі қабатты ғимаратында өрт шығып, жалын шатырға жайылған. Түркістан облысы ТЖД мәліметінше, өрт аумағы 400 шаршы метрді құрады. Келушілер өрт сөндірушілер келгенше ғимараттан өз бетімен шығып үлгерген.

Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылды. Қазір өрт сөндірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, себептері анықталуда. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 10 техника жұмыс істеді.

«Дәмхана «Әзірет-Сұлтан» қорық-мұражайының қорғалатын аймағынан тыс жерде орналасқан және «Керуен-сарай» ойын-сауық кешеніне еш қатысы жоқ», – деп хабарлады Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті.