Шымкентте қоғамдық көліктен өрт шықты. №16 бағыттағы автобустың қозғалтқыш бөлігінен тұтанған өрт салдарынан көлікті қара түтін басты. Абырой болғанда, оқиға кезінде автобуста жолаушылар болмаған, зардап шеккендер де жоқ. Өрттің шығуына не себеп? Қоғамдық көліктердің техникалық қауіпсіздігі қалай бақыланады?
Кеше кешкісін Шымкенттегі Төле би көшесінде №16 бағытағы автобустан өрт шықты. Әлеуметік желіде тараған видеоға қарағанда, қара түтін қоғамдық көлікті толықтай басып қалған. Жүргізуші көліктің артынан шыққан өртті сөндіруге тырысып жүргені байқалады.
Оқиғаны қалалық төтенше жағдайлар департаменті растады. Департамент дерегінше, өрт жолаушылар тасымалдайтын автобустың қозғалтқышынан шыққан. Өрт шыққан сәтте көлікте жолаушылар болмаған. Ақауды байқаған жүргізуші автобусты атопаркке қарай бағыттаған.
«Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өрт толықтай сөндірілген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 10 қызметкер жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталуда»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ
Төтеншеліктер автокөлік иелерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі бақылап, электр сымдары мен жанармай жүйесін дер кезінде тексеріп, жөндеу қажеттігін ескертеді. Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәселе ескірген автобусты алмастырмаудан дейді. Талап бойынша қоғамдық көлікті 7 жылдан соң жаңарту қажет. Ал бұл талапты сақтамай жүрген автопарктер бар екен.
САМАТ НҰРЖАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Бізде бірінші орында ең бірінші талап ол қауіпсіздікті сақтау. Осы мақсатта басқарма қызметкерлері рейдке шығамыз. Рейд барысында автобустардың техникалық жағдайларына, ақаулар болған жағдайда анықтап, дер кезінде компанияларға жеткіземіз. Талаптардың бәрі жазылған. Тек қана компания басшылары соларды орындау керек».
Қалада жолаушыларға 4 компания қызмет көрсетеді. 83 бағытта 900 -ден астам автобус жүреді. Бұл жыл басынан бері тіркелген бірінші оқиған. Өткен жылы мұндай төтенше оқиға тіркелмеген.
Дилара Иса






