Жоғалған балақай «Грей» атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен табылды

61

Ағымдағы жылдың 12-маусымында түңгі сағат 22:40 шамасында жергілікті тұрғын баласын таппай полицияға «102» арнасы арқылы арызданған.

Аталған хабарламаға шұғыл ден қойылып, жедел-тергеу тобы жасақталып, жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілді. Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы полиция аға сержанты Жамалбаев Ерболат «Грей» атты қызметтік-іздестіру итімен баланың киімін иіскету арқылы баланың ізіне түседі.
Содан бір сағат ішінде балақай қаладағы сауда орталықтарының бірінің алдынан аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды.
«Мен баламмен кешкі серуенге шыққанмын. Үйге бірнеше минутқа кіріп қайта шыққанымда ауладан таппай қалдым. Бойымды үрей билеп, не істерімді білмей бірден полицияға хабарладым. Олар тез арада келіп, қызметтік итке баламның киімін шығарып бердім, сол арқылы бірден ізіне түсіп, аман-сау тауып берді. Қиын жағдайға тап болғанда көмек беретін полиция қызметкерлеріне рақмет»,-деді анасы.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары ата-аналарға немқұрайлық танытпай, балаларға аса көңіл бөлуді сұрайды. Сақтық шараларын ұстанып, аулаға серуенге шыққан уақытта да қадағалап тұру керектігін ескертеді. Сондай-ақ, балалардың бойына кішкентай кезден қауіпсіздік шаралары мен сақтық мәселесін, ата-анасыз алысқа ұзап кетпеу керектігін ұғындыруға кеңес береді.
QAINAR KÓZ Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі