Аудандық сот хатшысы тергеушіден торт алғаны үшін жұмыстан қуылған

196

Шымкентте аудандық сот мәжілісінің бұрынғы хатшысы тергеушіден торт алғаны үшін жұмыстан қуылды. Экс мемлекеттік қызметкердің айтуынша, сыйлық жеке көңілін білдіру мақсатында берілген. Алайда, тәртіптік комиссия мұны қызметте көмек көрсеткені үшін алған деп отыр.

«Торт аламын деп жұмыстан қуылдым». Осылай деген Шымкент қаласы, Абай аудандық сотының бұрынғы хатшысы Жадыра Оралымбекова қызметке қайта алуын талап етеді. Айтуынша, аудандық полиция басқармасының тергеушісі тортты сезімін білдіру мақсатында сыйлаған. Алайда, тәртіптік комиссия мұны заңсыз деп отыр. 4 айдан бері жұмыссыз отырмын деген мемлекеттік қызметкер енді президнттен араша сұрайды.

Жадыра Оралымбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мынандай бассыздыққа Шымкентте мен… Өзім үш баланың анасымын. Менің мына жерімде тұр. Осы кезге дейін шыдап келдім. Заң аясында барлығы шешіледі деп. Тоқаев президент, судьяларға қолына осылай билік беріп отырғанда адам тағдырын шешсін деп отырған кезде. Мамандардың үстінен осылай жалғандық жазып шығара берсе, не болды?».

Бұрынғы аудандық сот мәжілісінің хатшысы Жадыра Оралымбекованың адвокаты да мұнымен келіспейді.

Талғат Монтаев, адвокат: «Сотта жеке ұйғарым шығармағаны үшін сыйақы алған деп айтылды. Алайда заң бойынша сот хатшысының шешім шығаруға құқығы жоқ. Сондай-ақ сыйлыққа алынған торт №3 балалар үйіне берілген. Бұл туралы дәлел де бар».

Ал, істі қараған Әл-Фараби аудандық сотының судьясы «Жадыраны жұмыстан шығарған басшыларының шешімі заңды» деп отыр. Айтуынша, мемлекеттік қызметкер үш себеп бойынша қызметтен босатылған. Ал, торт оның біреуі ғана.

Бақытжан Бөрібеков, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Бірінші тортты алғандығы тергеушіден. Екіншіден айыптау актісін алғандығы тергеушіден. Үшінші сотталушының анасынан тікелей алғандығы. Оның бәрі алуға құқылы емес. Нақты тортқа байланысты тергеушінің түсінігінде де көрсетілген: тергеушіге қатысты сот тарапынан жеке ұйғарым шығармау мақсатында торт бердім деген».

Жадыра Оралымбекованың адвокаты қалған екі бап бойынша жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткенін айтады. Әрі қаулы әзірге заңды күшіне енбеген. Сондықтан, олар апелляциялық шағым түсірмекші. Ал, ашық дереккөздерінде мемлекеттік қызметкерге құны қандай да болсын сыйлық сыйлауға заңды түрде тыйым салынады деген ақпарат бар. Яғни, тек осы жағдайда ғана қызметкер жұмыстан босатылып, жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева