Ауыр салмақтағы тұңғыш Қазақстан чемпионы — Талғат Досанов

56

Аса ауыр салмақта тұңғыш Қазақстан чемпионы қазір немен айналысып жүр? Спорттан кеткеніне 10 жылдан асқан Талғат Досанов бұған дейін таксист болған екен. Ал қазір ел мақтанышы спорт әлеміне қайта орылып, жаттықтырушы атанған. Тарихи сәт иесінің қазіргі тіршілігі қандай?

Бұл Қазақстан тарихында алғаш рет ауыр салмақта чемпион анықталған сәт. Дәл сол күні Талғат Досанов кәсіпқой бокста жеңімпаз атанған еді. Дегенмен талантты боксшының спорттық жолы 2009 жылы тоқтап қалды. Спорттан кетіп, бірнеше жыл күзетші, такси жүргізушісі болып жұмыс істеген ол, тек соңғы 2 жыл көлемінде ғана спортқа қайта оралып жаттықтырушы атанды. Оның ендігі арманы өзі сияқты жеңімпаздарды тәрбиелеу.

Талғат Досанов, жаттықтырушы: «Мен боксқа 1985 жылдан бастап келдім, ол кезде 8 жаста болғанмын. Содан 2000 жылға дейін әуесқой бокста болдым. Ол кезде бірнеше жарыстарға қатысып, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы болғанмын».

Тұңғыш чемпион араға 11 жыл салып спорт әлеміне қайта оралды. Қазір ол күнделікті жасөспірімдерді спортқа баулып, Қазақстанның атын шығаратын мықты жастар тәрбиелеуге ат салысып жүр. Жеңімпаз жаттықтырушы шәкірттерінің де чемпиондық тұғырдан көрінетініне сенеді.

Эмиль Оспанов: «Мен мұнда жаттығып жүргеніме жарты жылдан асты. Маған ағайым Талғат Ертасұлы 3 айдың ішінде бокстың бар қыр сырын үйретіп шықты. Қазір күнделікті осында келіп, жаттығамыз. Келгенде дене қыздырып барып, біртіндеп ауыр жаттығуға көшеміз. Мықты спортшы болуға барынша дайындалып жатырмын. Жақын арада жарыстарға да қатысып қаламын».

Талғат Досанов 45 жасқа келсе де әлі бабында. Шәкірттеріне барлық жаттығу түрін өзі көрсетіп, ісіне тиянақты қарайды. Оны өзімен қатарлас жаттықтырушылар да мойындайды. Ал 60-ты еңсерген Қуаныш Жайлауов «Талғатты спортқа алғаш келген кезден жақсы білемін» дейді.

Қуаныш Жайлауов, жаттықтырушы: «Мен Талғатты жас кезінен бастап білемін. Өзі ашық, мықты жігіт, себебі ол өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Тоқтаусыз еңбектенді. Өздеріңіз білесіздер еңбектенбесе бізге ештеңе болмайды. Сол еңбегінің арқасында осындай жетістікке жетті. Ол 12-14 жасар еді. Сол кезде менің досым Мұхтияров Шамиль дегеен досымның шәкірті еді. Қазір енді менің әріптесім болып бірге жұмыс істеп жүрміз».

Айта кетейік Талғат Досанов чемпиондық титулды 130 кг салмақтағы Қанат Алтаевпен жекпе-жегінде жеңіп алды. Сол жұдырықтасу оның атын Қазақстанның бокс тарихында мәңгі қалдырды.

Әсел Мәлік