«Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы болды

37

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 25-тур ойындары өтті. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 3-1 есебімен жеңіп, ұпай санын 58-ге жеткізді. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды!

 Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алдымен шабуылшы Жақсылықов команда капитаны Тағыбергеннің әдемі пасын баспен қақпаға бағыттап, голға айналдыра білді. Одан кейін де шымкенттіктер шабуылды тоқтатқан жоқ. Умаров есепті еселесе, Беседин есепті 3:0-ге жеткізді.
 Екінші таймда қарағандылықтар жауап голын сала білді. Дегенмен «Ордабасы» футболшылары сенімді ақтап, жеңіске жетті. Осылайша, «Ордабасы» чемпионат аяқталмай жатып, бір тур бұрын чемпион атанып үлгерді.
 Қажымұқан атындағы орталық стадионды жүз пайыз толтырған шымкенттік жанкүйерлер «Ордабасы» командасын марапаттау сәтіне куә болды.
«Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.