«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері шымкенттіктердің ұсынысын тыңдады

67

Шымкентте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлттық қайырымдылық конференциясы» өтті. Қазір қор 10 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Жиында тағы бірнеше жаңа бағдарлама таныстырылды. Жұмысты қай бағытта жалғастырған дұрыс деген сауалға жауап іздеген қор өкілдері сарапшылар мен қайырымдылық ұйымдары өкілдерінің пікірін тыңдады.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері Шымкентте қайырымдылық ұйымдарының басшыларымен, сарапшы және қоғам белсенділерімен кездесті. Үшінші мегаоплисте ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті.

Жиынға қатысушылар қор өкілдеріне сауал жолдап, бірнеше ұсыныс айтты. Мәселен, жасөспірімдермен тікелей жұмыс істейтін мектеп психологтарының біліктілігін арттыру туралы, сондай-ақ, қор бағытына экология саласын қосу туралы ұсыныстар айтылды. Шымкенттегі қоғамдық қорлардың бірінің жетекшісі Данияр Сейітжанов аутизмі бар балаларды оңалту мәселесін көтерді.

Данияр Сейітжанов, Шымкент қаласы «Аутизмі бар балалардың ата-аналары альянсы» қорының басшысы: «Аутизмі бар балалардың жыл сайын айтарлықтай өсуі және мұндай балаларды оңалту, түзету үшін инфрақұрылымның болмауы бізді алаңдатады. Бүгінгі таңда аутизм туралы ақпаратты біздің қаламызда ата-аналардан артық ешкім білмейді. Біз «Қазақстан халқына» қорынан қаржылай көмек сұрадық. Себебі, қаражат дәл осындай балалармен жұмыс істей алатын жандарға берілсе екен дейміз».

Бүгінгі таңда қор аясында 10 қайырымдылық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның сегізі – медициналық көмек көрсетуге бағытталса, біреуі ауыл балаларының спортпен еркін шұғылдануын қамтамасыз етеді. Ал енді бірі ауыл мектептерінің түлектері мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттер үшін білім гранттарын бөлуді қарастырады. Қазір қоғамдық қор өкілдері жаңа бағдарламалар әзірлеу үстінде.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары: «Бүгінгі кездесу, осы өңірде қандай ұсыныс, ой-пікір бар, соны тыңдап, біздің тұжырымдамаға қандай өзгеріс енгізу керек деген ұсыныстарды жинаймыз. Қыркүйек айында үлкен жалпыұлттық қайырымдылық конференциясы өтеді. Сол жерде біз ұсынысқа береміз. Онда қандай бағдарламалар бекітіледі, ары қарай сол бойынша жұмыс істейміз».

Жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Шымкент қаласы әкімдігінің арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл – қордың көмекке мұқтаж қала тұрғындарымен оперативті түрде жұмыс істей алуына тікелей әсер етеді.

Қоғамдық қорға жалпы оңтүстік өңірлерден 2000-ға жуық өтінім түскен. Оның жартысы үй алуға, несие жабуға, баспанаға жөндеу жұмысын жүргізуге болса, арасында тіпті той жасауға қаржы сұрағандар да бар екен. Ал Қазақстан бойынша 11850 өтінім иесі азық түлікпен көмектесуді сұраған. Оның 500-ге жуығы Шымкент қаласының тұрғындары көрінеді.

Ләззат Шыңғысбаева,  «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары: «Шымкентте 11 бағдарламаның ішінде 5-6 осы Шымкент қаласында да енгізіледі. Қазіргі кезде біраз орфандық аурулар бойынша препараттар алып келіп, денсаулық басқармаларына жеткізіліп жатыр. Офтальмологиялық скрининг құрылғылары 4 медициналық мекемеге береді».

Ал күзде елордада жалпыұлттық қайырымдылық конференциясы өтеді. Ел бойынша жұртшылықпен кездесу аяқталған соң, айтылған ұсыныстардың қорытындысы сол жиында талқыланып, бекітілмек.

Гүлдана Дәурен