25 жылдық өтілі бар мұғалімдерге құрмет белгісі берілуі мүмкін

117

Елде 25 жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдер «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісімен марапатталуы мүмкін. Бұл туралы «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қаулысында жазылған. Мәліметке сүйенсек, марапат балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген жандардың еңбегін ескеріп, оған ризашылық білдіру мақсатында беріледі.

«Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісі 25 жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар ұстаздарға беріледі. Оның мақсаты – 25 жылдық ерен еңбегін елеп, осы қызметте сіңірген үлесін ескеру және оған ризашылық білдіру. Құрмет белгісі мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының, мамандандырылған арнайы білім беру орындарының, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектептердің педагогтеріне беріледі», — делінген министрлік құжатында.

Айта кетейік, аталған қаулы жобасы қоғам талқылауына шығарылды. Яғни, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегіне дейін ұсыныс туралы халықтың пікірі ескеріледі.