Бүгін – Абай күні

48
фото ainews.kz

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде «Абай күні» деп аталатын мерекелік дата болып бекітілген болатын.

Биыл Абай күні Қазақстанда үшінші рет тойланғалы отыр. Елімізде қазақ халқының ұлы ойшылының атаулы мерекесіне орай түріл мерекелік іс шаралар ұйымдастырылып, кең ауқымда атап өтіледі.

2020 жылы халықаралық Абай жылы болып, әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударды. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен көрнекті ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Әңгіме мерейтойлық мерекелерде емес, көрнекті философ, ақынның идеялары мен ой-толғамдарын тереңірек тану туралы. Абайды ардақтау – оның дүниетанымдық қағидаларын ұстану, өсиетіне адал болу деген сөз. Сонда ғана біз жаңа ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіре аламыз», – деді.

«Біздің азаматтық борышымыз – ақынның баға жетпес мұрасын түсіндіру, насихаттау, өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Абайтанудың концептуалды негізінің мәні де осында. Қазіргі таңда Абай шығармаларын халықаралық ғылыми айналымға енгізу бағытында нақты, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Оның шығармалары он тілге аударылып, баспаға дайын. Бұл кітаптар әлемнің 100 еліндегі кітапханалар мен мәдени орталықтарға жіберіледі. Мен Жарлыққа қол қойдым, соған сәйкес Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеуші және насихаттаушы бірқатар шетелдік аудармашылар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін біз Абайдың шығармашылығын ұмытпауымыз керек, өйткені ұлтты жаңарту идеясы оның көзқарастары мен идеяларымен үндес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Грузия, Түркия, БАӘ, АҚШ, Мысыр, Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария, Чехия, Монғолия, , Пәкістан, Мажарстан, Иран, Үндістан, Малайзия, Литва елдерінде ойшылдың атындағы орталықтар мен клубтар, ақын ескерткіші мен саябақтар ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылының әлемнің әр түкпірінде аты ардақталуы әрине әр қазақтың кеудесінде мақтаныш сезімін оятары анық.