Úı ANONS Облыс әкімі Үндістан елшісімен кездесті

Облыс әкімі Үндістан елшісімен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде  инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, медицина және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланды.  Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инвестициялық әлеуетіне тоқталып,  инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Үндістандық компанияларды бірге жұмыс істеуге шақырды.

 

 

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Түркістан облысы – инвестиция үшін мүмкіндігі мол өңір. Біз индустрия, ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарында өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз. Түркістан халықаралық әуежайының мүмкіндігі жоғары, шетелдік туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы Үндістаннан келетін туристер үшін де ерекше қызығушылық тудырады»

 

Үндістан елшісі екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары деп бағалады. Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 50 млн Үндістан азаматы шетелдерге саяхаттайды.  Сол елдердің қатарында Қазақстан, оның ішінде Түркістан қаласы да бар. Сонымен қатар елші уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, мақта кластері, медицина және фармацевтика, баламалы энергия көздері бағыттарында әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді.

 

Өңірде халықаралық деңгейдегі аурухана салу, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру бастамасын көтерді. Кездесу соңында тараптар аталған салалар бойынша байланысты  нығайтып, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.

 

Дилара Иса