Шымкентте газ тапшылығы байқалуда

Шымкент тұрғындары газ тапшылығына шағымданып отыр. Автокөлік иелері газбаллон алмастырған ыдыстарын толтыра алмай әлек. Жүргізушілердің сөзінше, мәселе өткен сенбіде басталған. Аптаның аяғында қаланың жанар-жағар май станцияларында көгілдір отын табу қиындай түскен.

Жүргізушілер демалыс күндері бензин шығындап қаладағы жанармай құю бекеттерін аралап шығатын көрінеді. Алайда, станциялардың көпшілігінде «Газ жоқ» деген тақтайша ілінген. Дегенмен, автогаз бағасы өзгерген жоқ, яғни, әлі де литрі 60 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ автокөлік иелері «жанармай құны көтеріле ме?» деп қорқып отыр.

«Газбен ешқандай мәселе болмайды деген еді, енді міне сенбіден бері газ жоқ, кейбір жерлерде мың теңгеге келісеміз дейді, үстінен тағы бес жүз теңге сұрайды. Меніңше, газ бағасы қайта көтерілетін сияқты».

«Бүгін азанда газ құюға бардым, бірақ онда газ жоқ. Сол жердегілерден сұрасам, «бірнеше күннен бері жоқ» дейді. Себебі неде оның? Мүмкін қайта қымбаттайын деп жатыр ма?»

Шымкент энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да, энергетика министрлігі секілді «газ тапшылығы жоқ» екенін айтады. Қаланың автогазға жалпы қажеттілігі – айына 7700 тонна. Ал жеткізу апта сайын жүреді. Өткен аптаның жұма күні мегаполиске 1656 тонна сұйытылған газ жеткізілген. Олар толтыру станцияларына жіберілген. Жергілікті басқарманың мәліметіне сүйенсек, тек жанармай құю станцияларына дейін оларды әкеліп үлгермеген. Ал 15 тамызға дейін тағы 5 мың тоннадан астам жанармай жеткізіледі деп күтіліп отыр.

Мақсат Ердембеков, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Қазіргі жағдайда дефицит деген жоқ бізде. Қала бойынша жұмыс істейтін 170 заправка бар. Олар уақытында ала ма жоқ па, біз оны қадағалай алмаймыз. Біз тек қана мониторинг жасаймыз».

Гүлдана Дәурен