Асанбай Асқаров өмірімдегі маңызды адам

198
фото Южный Казахстан

Биыл 15 қыркүйекте ұлы мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқарұлы Асқаров 100 жасқа толады. Асанбай Асқарұлы — ұлы адам. Ол — менің өмірімде өте маңызды рөлге ие тұлға, менің ұстазым, менің адам болып, жетекші болып қалыптасуыма көмегі тиген азамат. Оның жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, өмір бойы алғыс айтып өтемін.

1978 жылы Асанбай Асқарұлын Алматы облысынан Шымкент облысы партия комитеттерінің бірінші хатшысы болуға жіберген кезде мен Түлкібас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтінмін. Асанбай Асқарұлы партияның конференция жиынына келді. Маған сөз берді. Мен сөйледім. Мен қой шаруашылығында комсомол жастар бригадасын қалай құрып жатқан тәжірибімізді айттым. Ол мені тоқтатып, мұны Алматы облысында қалай жүзеге асырғанын айтып берді. 

Мен оның мұны соншалық жетік білетініне таңғалдым. Бүге-шігесіне дейін біліп, тіпті жастар бригадирлерінің аты-жөніне дейін айтып отырды. Сосын мені Алматы облысына барып, сондағы тәжірибені танып-білуге жіберді.

 4 айдан кейін мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы шақырып, Асанбай Асқарұлының тапсырмасымен мені Түлкібас аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. 28 жаста бөлім меңгерушісі болу дегеніміз өте үлкен жетістік. 

Содан кейін бір күні Асанбай Асқарұлы келді. Бірінші хатшыға сұрақ қояды, жауап бере алмайды. Екінші хатшыдан сұрайды, жауап бере алмайды. Үшіншісі де тақырыптан хабарсыз болып шықты. Мені шақырып, сұрақ қоя бастады. Көп сұрақ қойды. 40 минуттай сынақ алды. Қара костюм киіп алғанмын. Жаз. О кезде ауа салқындатқыш жоқ. Су тер болдым. Сынақтан өттім. 

1981 жылы мені облыстық партия комитетіне шақырып, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Содан кейін Асанбай Асқарұлының алдына кіргізді. Орталық комитеттің инспекторы да отыр екен. Асанбай Асқарұлы мен туралы айтып, сосын мені сол кездегі Бөген ауданының Темірлан елдімекеніндегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жіберу жоспары бар екенін жеткізді. 

Мен сенім білдіргеніне алғыс білдіріп, қызмет етуге дайын екенімді айттым. Сол жерде 1,5 жылдай жұмыс істедім. Асанбай Асқарұлы 2-3 рет хабарласып, шаруашылықтың жайын сұрады.

Содан кейін мені шақырып, Ленгер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындамақ екенін айтты. 

«Асанбай Асқарұлы, мен әлі баламын ғой» десем, «эх, Сергей, уақыт қалай тез зымырап өте шығатынын білсең ғой» деді. 

Расында да міне, бүгінде 70 жастан астым. Қазір де Асанбай Асқарұлының жарқын бейнесін сағына еске аламын. Маған өміріме азық болар сабақ беріп, жол көрсеткен жан. Ол әрі стратег әрі ойшыл адам бола білді. 

Ол облыстық партия комитетінін басқара жүріп стратегиялық шешімдер қабылдап, жүзеге асырып, негізін қалап кетті. 

Сол кезде «Шымкент облысы миллион гектар суармалы жерді игере алады, миллион тонна астық өндіруге қауқары жетеді» деп айтып отыратын. Ол болашақты болжап ғана қоймай, көре білді. 

Ондаған жыл Алматы мен Жамбыл облыстарының партия комитетін басқарды. 40 жылдай КСРО және Қазақстан КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаты болды.

Өкінішке қарай, Асанбай Асқарұлын әділетсіз жазаға тартып, соттаған кезде мен ақсақалдар арқылы шығып, Горбачевке айтып, оған кешірім беруін өтінгегнімде ол сөзбұйдаға салды. Сосын Назарбаевқа шығып, өтініп, ол Ақаевқа шығып, Қырғызстан Жоғарғы соты А. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды. 

Сосын мен үйіне келгенімде ол мені құшақтап, «Сергей, мен көптеген адамды басшылық қызметке жібердім. Жастармен көп жұмыс істедім. Сенің жақсылығыңды өмір бойы ұмытпаймын»  деді. 

«Асанбай Асқарұлы, бұл менің өмірлік борышым, сізге өмірлік қарыздармын, сізді әрдайым үлгі тұтып, қастерлеп өтемін» деп айттым. Асанбай Асқарұлы расында да керемет тұлға. 

2001 жылы Асанбай Асқарұлын 50 жылдық мерейтойыма шақырдым. Ол: «Мен мұндай жиындарға қазір бара бермеймін. Бірақ сенің мерейтойыңа жаяу болса да келемін» деді. «Жаяу келгеніңіз несі, міне ұшаққа билет» дедім. 

Осылайша ол менің мерейтойыма келіп, қатысып, қатты қуантты. Менің әкемді өте жақсы білетін. Асанбай Асқарұлын жұртшылық асқан салтанатпен күтіп алып, сөйлеген сөзіне ду қол шапалақ соқты. Ол сөйлей білетін, адамның бәрін жадында сақтайтын. Аты-жөнімен атап, шақыратын. 

Меніңше, ол кісі бүгінде көзі тірі болып, облысты басқарғанда біздің облыс ең үздік облыс болар еді. 

Асанбай Асқарұлының жарқын бейнесі мен аты біздің ісімізден көрінеді. Қайда жүрсем де «Асанбай Асқарұлы былай істер еді, былай айтар еді» деймін. 

Асанбай Асқарұлының бейнесі әрдайым жадымда, әрдайым жүрегімде.

Сергей Терещенко,

мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР бұрынғы премьер-министрі