Есірткі курьері болып жұмыс істеген 19 жастағы студент ұсталды

16

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүріп жатыр. Кезекті іс шара барысында есірткі заттарын таратумен айналысқан жоғарғы оқу орындарының бірінің студенті анықталып, ұсталды. Оның жасы – 19-да.

Белгілі болғандай, ол оңай ақша табу мақсатында әлеуметтік желі арқылы есірткі курьері болып жұмысқа тұрып, қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын сақтап, тасымалдап, жасырын орындарға тығып келген.
Кезекті шығуы барысында жас жігіт полиция қызметкерлерімен ұсталып, қалтасынан 9 дана сары және жасыл түстегі орамаларға оралған есірткі заттары тәркіленген.
Сонымен қатар, жасырын орындарға тығып үлгерген жерден тағы қосымша 1 дана есірткі заты алынды.
Сұрастыру барысында, ол аталған есірткі заттарын қаладағы 3 шағынаудан аумағына жасыруға бара жатқанын айтып көрсеткен.
Сараптама қорытындысына сай, тәркіленген заттар 5 грамм синтетикалық есірткі екені нақтыланды.
Бүгінде аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Атап өту қажет, осы баптың санкциясымен көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлінің мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.