«Шымкент жастар лигасының» жеңімпаздарына автокөлік табыс етілді

31

Шымкентте «Жастар лигасының» үшінші кезеңі салтанатты түрде ашылды. Бұл сайысқа қаламыздағы 138 мектептен 6 мыңға тарта оқушы қатысады деп жоспарланған. Жарыс спорттың төрт түрі бойынша өткізіледі. Ал өткен жылғы жеңімпаз команда ашылу салтанатына арнайы шақырылып, оларға көлік кілті табыс етілді.

Ұстаздар мен мектеп оқушыларының жүзіне ұялаған күлкі – жеңістің белгісі! Шымкентте Жастар лигасының 2 кезеңі өз мәресіне жетті. Онда оқушылар спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат сынды бірнеше бағыты бойынша сынға түскен еді. Спартакиада нәтижесіне сәйкес үздік төрт команда бас жүлде иегері атанып, жап-жаңа көліктің кілтін жеңіп алды.

Алмас Қайыпов, №65 мектептің директоры: «Біздің мектеп өткен жылы «Жастар лигасына» қатысып, футболдан бірінші, шахматтан екінші, баскетболдан үшінші орынды жеңіп алды. Бірінші орынға 20 миллион теңге тұратын «Газель» ұтып алдық. Оқушыларымыз мұнымен тоқтап қалмай, биыл да жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз. Айтпақшы, бұл біздің жалғыз жетістігіміз емес, өткен жарыстарда оқушыларымыз 15 велосипед пен 15 планшетті жеңіп алған болатын».

Жаңа көлік спортшы жастардың игілігіне берілмек. Олар енді түрлі сайыстар мен мерекелік іс-шараға мектеп құрамасымен бірге дәл осы көлікпен бара алады. Ал спортшылар, үздіксіз еңбектің арқасында өздеріне тең келетін команданың болмағанын айтады.

Ерсұлтан Бақтыбай, мектеп оқушысы: «Біз көп жұмыс жасадық, жоспарлы жаттығуларға қатыстық. Жарыстарда бізге қиын болған жоқ, жүлде алғанымызға қуаныштымыз. Жеңіске жету үшін көп жұмыс істеу керек! Бұл сайыста да мектебіміздің жеңіске жетуіне тілектеспін».

Жаңа оқу жылында «Шымкент Мектеп лигасының» жаңа кезеңі ашылды. Онда Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева өткен жылғы жеңімпаздарды құттықтап, биылғы қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай жарыстар оқушаларға берілген үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Егер мектеп оқушысы болсам, қуана қатысар едім. Бірінші жылы бұл шараны ұйымдастырған кезде ата-аналар сыйлықтарды балаларға беру керек немесе осы жиырма миллион теңгені әр мектепке бөліп беру керек деп шағымданған болатын. Бірақ лигаға қатысқан оқушылар сүйікті мектебіне естелік ретінде қалатын сыйлық қалайтынын айтады. Мәселен, өткен жылы балалар жеңіске жетіп, өз мектебіне интерактивті тақтаны сыйға тартты».

«Бүгінгі өскелең ұрпақ ең бақытты жандар» – деген қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан шараға арнайы келіп, балаларға көліктің кілтін табыс етті.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының әкім орынбасары: «Мектеп лигасының» екінші кезегі аяқталып, 3 кезеңді аштық. Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Белсенді атсалысып жатыр. Қазірдің өзінде қателеспесем 150-ге жуық мектеп тіркеліп үлгерді. Оқушыларға 20 млн. теңге сыйлық өте үлкен мүмкіндік. Ол сыйлық оқушылардың игілігіне жұмсалады».

Айта кетейік, биыл жарысқа алты мыңға жуық спортшы қатысады. Сайысқа 138 мектептен 514 құрама бақ сынайды. Олар жыл бойы үздік атану үшін кезең-кезеңімен сайысқа түседі.