Шымкентте соңғы уақытта тұтынушылар құқығын бұзушылық фактілері жиілеп кеткен. Оның басым бөлігі әуе компениялары мен автосалондарға тиесілі. Ал өтініш берушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 жарым есеге өскен.
2021 жылы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне тұрғындардан 491 өтініш түссе, биыл жыл басынан бері 1 205 өтініш қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 жарыс есеге көп. Ал шымкенттік тұрғын Александр Крапивкиннің ұшу рейсі кейінге шегерілген. Бірнеше сағаттап күткен ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшудан бас тартқан. Алайда билет құны мен күту өтемақысы төленбеген.
Александр Крапивкин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ұшу уақыты кейінге қалдырылды. Біз күтіп жүргенбіз, сөйтсек ұшақ мүлде ұшпайтын болған. Бірақ ресми түрде рейс ұшпайтыны жарияланбағандықтан ақшасын қайтармады. Әлі де ұшатын шығар деген оймен екі күн күттім, алайда сол күйі хабар болмады. Сондықтан қайта билет алуға тура келді».
Сала мамандарының айтуынша тұтынушылар құқығын бұзушылар саны артқан. Оның басым бөлігі әуе компанияларына тиесілі. Олар рейстердің кейінге қалдырылуы, жүктерінің сынып не бұзылып жетуіне байланысты арыздарына 10 күн ішінде жауап қайтармаған. Осы тектес өтініш бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әуе компаниясына тексеріс жүргізіп, ескерту жіберіп, 2 мәрте айыппұл да салған.
Бахытжан Салхожаев, Шымкент қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы: «Біздің заңда көрсетілген тұтынушылар арызына 10 күн ішінде жауап қайтару керек. Бірақ әуе компаниясы 10 күннің ішінде емес, 20,50 күннен кейін жауап береді. немесе мүлде жауап бермеген. Осы мәселеге байланысты тексеру жүргізіп, бірінші ескерту жіберді, кейін айыппұл салынды»
Сонымен қатар Шымкенттік тұрғындар автосалондар жұмысының шикілігіне де арызданған. Қала тұрғыны 2019 жылғы жаңа көлік сатып алған. Алайда тексеріс барысында автокөлік 2016 жылғы болып шыққан. Қазіргі таңда арнайы мамандардың араласуымен сот алды тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бахытжан Салхожаев, Шымкент қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы: «Тұтынушы автосалонға барып ауыстыруына, не ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда автосалон басшылығы ақшасын қайтарудан бас тартқан. Осыған байланысты сот алды тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Астер автосалонына келер болсақ. олар тұтынушылар құқығын өрескел бұзып отырған. Аталған автосалонға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, ағымдағы жылы ӘҚБ бойынша 3 ескерту беріліп, 2 айыппұл салынды»
Тұрғындардың көбісі бұған дейін тұтынушылық құқығын қорғау тетігін білмеген. Сондықтан қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру беріліп, арнайы электронды өтініш порталы ашылған. Сонымен қатар, телеграмда арнайы бот парақшасы іске қосылған. Кез келген тұрғын сол жерден өтініш тастай алады.