Әуе компаниялары биыл 9 миллионға жуық адамды тасымалдаған

28
Әуежайларда жанармай тапшы

 Қазақстанның әуе компаниялары осы жылдың 10 айында 9 миллионға жуық адамды тасымалдаған, бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 16%-ға (7,7 млн жолаушы) көп.

Атап айтқанда, Air Astana компаниясында жолаушылар ағыны шамамен 3,4 млн адамға, FlyArystan компаниясында 2,6 млн адамға жуықтаған, ал SCAT компаниясында жолаушылар саны 2,4 млн-ға және Qazaq Air-да 500 мың адамға өскен, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Әуе кемелерінің паркі 2025 жылға дейін 51 ұшақпен толықтырылады. Осы жылы отандық авиакомпаниялар 10 жаңа ұшақ сатып алды. Мәселен, SCAT компаниясы 5 ұшақ, Fly Arystan 3 ұшақ және Air Astanа 2 ұшақ алған. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа ұшақ пайдалануға беріледі.
Азаматтық авиция ұшақтарының жаңаруы рейстердің кешігуін азайтуға, тасымалдау сыйымдылығын арттырып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ қазақстандық әуе тасымалдаушылардың ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қазір қазақстандықтар әлемнің 29 еліне тікелей рейстермен ұша алады. Ішкі әуе рейстерді аптасына 687 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 5 отандық әуе компания орындайды», – делінген хабарламада.
Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, Астанадан Нячангқа 25 желтоқсаннан бастап, Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге 2023 жылғы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде рейстер ашылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Air Seychelles әуе компаниясы 26 желтоқсаннан бастап Қазақстан мен Сейшел аралдары арасында Алматы – Маэ бағыты бойынша рейстер ашады.
Қазақстандық әуе компаниялар Пәкістанға Астана мен Шымкенттен Карачиге рейстер ашып, Үндістанға Алматы – Дели бағыты бойынша Қытайға Алматы – Чэнду бағыты бойынша, Ұлыбританияға Алматы – Лондон бағыты бойынша орындалатын рейстер санын ұлғайтуды көздеп отыр.
Айта кетері, 7 желтоқсан Халықаралық азаматтық авиация күні саналады. Кәсіби мереке 1994 жылы ИКАО-ның 50 жылдығын атап өту кезінде пайда болды.