Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай конференция өтті

Шымкентте қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай республикалық конференция өтті.

Іс-шараға үшінші мегаполистің зиялы қауым өкілдерімен қатар, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан меймандар келді. Конференцияға Еңбек ерінің қызы Жаннет Асқарова, қала әкімі Мұрат Әйтенов, сонымен қатар зерттеушінің көзін көрген ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Мерейтойға арналған іс-шаралар Асанбай Асқарұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды.

«Халқым нашар тұрса, менің жақсы өмір сүргенімнен не пайда?» Осындай ұранмен өмір сүрген Асанбай Асқаровтың туғанына биыл – 100 жыл! Мерейтойға орай бүгін Әл-Фараби алаңында зерттеушіні еске алу рәсімі өтті. Асанбай Асқаровтың қызметтес достары, ақын-жазушылар мен бірқатар зиялы қауым өкілдері рәсімге арнайы қатысып, еңбек ерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жаннет Асқарова, Асанбай Асқаровтың қызы: «Біз ең алдымен сіздерге үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Әкемізді Шымкентте ерекше еске алатынын, құрметтейтінін және бағалайтынын білеміз. Ол үшін өте ризамыз. Дендропарктің атын беріп, ескерткіш қойып, көше мен мектепті Асанбай Асқаровтың атымен атадыңыздар. Ол кісі ел үшін, халқы үшін қызмет етті, соған бар өмірін арнады. Енді оны артында осы Шымкент қаласында әкеміздің есімін ұмытпайтын, Қзақстан үшін адал қызмет ететін жастар өседі деген үміттеміз!».

Ақын, мемуаршы Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі республикалық деңгейдегі ғылыми конференциямен жалғасты. Оған қоғам қайраткерінің көзін көрген азаматтар, ұстаздар мен жастар, сондай-ақ, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарынан да қонақтар келіп, қатысты. Қалың көпшілік алдымен Еңбек ерінің өмір жолы туралы бейнероликті тамашалады.

Маңызды іс-шараны ашып берген қала әкімі Мұрат Әйтенов тарихи тұлғаның еткен еңбегін атап өтіп, Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын шаһарымыздағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі қаламгер Мархабат Байғұт ағамыздың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты драмасы Шанин атындағы қалалық драма театрда сахналанып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді».

Үш облысты басқарған ерен тұлға 30 жылға жуық уақытта өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Жиында қоғам қайраткерлері, академик, профессорлар Асанбай Асқаров туралы естеліктерімен бөлісті.

Исмат Тұрсынқұл, қоғам қайраткері: «Жастардың барлығы дендросаябақты жақсы біледі. Енді жастар ол кісінің атқарған еңбегін білуі керек. Зиялы қауымды жастарды шақырып осындай үлкен конференция өтіп жатыр. Жастарға Асанбай Асқаровтың еңбегін таныстыру мақсатында өтіп жатқан іс-шара. Лайықты деңгейде тоайланып жатыр деп ойлаймын. Бұрын мұндайға қатты көңіл бөліне бермейтін».

Тау тұлғалы азамат саналы ғұмырында Шымкент қаласының гүлденуіне үлкен үлесін қосқан. Нақтырақ айтқанда, Асанбай Асқаровтың кезінде Шымкентте дендросаябақ, хайуанаттар бағы, балалар темір жолы және мәдени-спорт орталықтары мен бірқатар көпқабатты үйлер салынған. Сондай-ақ, Асанбай Асқарұлы «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Тағдыр», «Ұлы Тұранның ұлдары», «Көзқарас» секілді бірқатар кітап пен өлең жинақтарының авторы. Жиында қоғам қайраткерінің сөзіне жазылған «Қара нан» термесі де орындалды.

Тарихи тұлғаның көмекшісі қызметін атқарған Әбдіқадыр Кәрім Асанбай Асқаровтың қызметтес азаматтарының ой-пікірін тыңдай білетін білікті басшы болғанын айтады.

Әбдіқадыр Кәрім, ОҚО Құрметті азаматы: «Асанбай Асқарұлы өзі іскер адам болатын. Ол кісінің талап қоюы да ерекше еді. Мәдениеті жоғары, жан-жақты салиқалы, білікті деген баға берер ем ол кісіге. Ол кісінің талабы деңгейінде құжат дайындауда небір білгішпін деген қызметкерлердің өзі тиісті деңгейде дайындап бере алмайтын. Сондықтан ол кісі – бәріміз үшін де үлкен мектеп, үлкен академия болған заман еді».

Қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Айта кетейік, Үкімет ұйғарымымен Асанбай Асқаровтың мерейтойы Жамбыл, Алматы облыстарында да жоғары деңгейде аталып өтті.

Мемлекет басшысы аса көрнекті қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын кең көлемде атап өту туралы пәрмен берген болатын. Ұлтына қызмет еткен ұлы тұлғаға шымкенттіктер осылайша құрмет көрсетті.