Дендросаябақтағы су мәселесі ретке келтіріліп жатыр

30

Дендросаябақтағы су мәселесі шешіліп жатыр. Көрші көшелерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының салдарынан мұндағы су көлемі тартылып, орман ағаштарына зиянын тигізген болатын. Сонымен қатар, 1979 жылдан бері ағаштарды суару мен көлді толтыруға арналған каналдың пішіні өзгертіліп, қазір ретке келтіріліп жатыр.

Мынау көлде жүзіп жүрген бір топ үйрек дендросаябақтағы көлге қайта оралды. Бірнеше айдан бері олар көлдегі су тапшылығына байланысты көпшілікке көрінбей кеткен еді. Мамандардың сөзінше, барлығына құрылыс жұмыстарының жүргізілуі себеп болған.

Гүлнар Сапарымбет, А. Асқаров атындағы дендросаябақ директоры: «Қазір көлдегі су деңгейі жеткілікті, сумен қамту мәселесі реттеп жатырмыз. 4 бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, біреуі іске қосылды. Бір апта ішінде екеуінің жұмысы аяқталып, жақын арада су мәселелер өз шешімін табады».

Саябақтың басшылық қызметіне тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған Гүлнар Сапарымбет саябақтың жағдайын жақсартуға бар күшін салып жатыр. Суару мәселесін ретке келтіруді қолға алып, дендросаябақ тарихында алғаш рет су тарту жолдарын қарастырды. Бұрғылау нәтижесінде 140 метр тереңдікте су көзі табылған.

Гүлнар Сапарымбет, А. Асқаров атындағы дендросаябақ директоры: «Саябақты сумен жабдықтау мәселесі шешіліп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, қазірде 11 гектар аймақты суардық. Бірнеше жыл көлемінде саябақта су мәселесі өте өзекті болды. Соның салдарынан аймақтағы кей ағаштар қурады. Мұндағы тіршілікке экспертизалық шаралар осыдан 20 жыл бұрын өткізілген. Бүгінде аталған шара қайта қолға алынып, жақын арада нәтижесі белгілі болады».

Айгүл Османова Семейден Шымкентке қызының үйіне қонаққа келіпті. Қаладағы ең әдемі демалыс аймақтарының бірі дендросаябаққа арнайы келіп, жергілікті табиғатқа ерекше тамсанып отыр. Семейлік қонақ Шымкенттің аптап ыстығында күн сәулесінен қорғайтын қалың орман ағаштары мен көлдері есінде ұзақ сақталатынын айтады.

Айгүл Османова, Семей қаласының тұрғыны: «Дендросаябақ керемет мекен екен. Жаздың аптап ыстығында саялы саябақта демалған да күшті әсер етеді. Бізде бар өзімізде де парк».

Дендросаябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін тек демалыс мекені ғана емес. Бұл жерде ғылыми зерттеулер де жүргізіледі. Мәселен, қазіргі таңда тіршілік ортасы толық зертханалық талдаудан өтіп, мұндағы өзекті мәселелер, флора мен фаунаның жағдайы анықталып жатыр.