1 желтоқсаннан бастап кейбір коммерциялық пойыздардың төменгі орны 20% қымбат болады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Пилоттық режимде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2023 жылғы 28 ақпанға дейін жөнелтілетін коммерциялық пойыздар вагондарындағы жоғарғы және төменгі орындарға жол жүру құнына сараланған тәсілді енгізеді. Жоғарғы және төменгі орындар арасындағы жол ақысының айырмашылығы 20% болады», — деп хабарлады ҚТЖ.
Жоба вагондағы орындарды біркелкі бөлу, сондай-ақ жолаушылардың төменгі орындарға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылады.
Сараланған тәсіл мына жолаушылар пойыздарында қолданылады:
1. № 111/112 «Алматы – Маңғыстау»;
2. № 51/52 «Алматы – Орал»;
3. № 105/106 «Алматы-Петропавл»;
4. № 71/72 «Астана-Шымкент»;
5. № 29/30 «Алматы-Атырау».