Шымкентте сенат депутаттары қылмыстық іс заңнамасына қатысты отырыс өткізді

34

ҚР Парламенті сенатының депутаттары мен құқық қорғау орган өкілдері Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді. Жиында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Сала жауаптылары қазіргі таңда тиісті шаралар қабылданып жатыр десе, сенаторлар мұнымен ғана шектелмей, халықтың да ойын өзгерту қажет дейді.

Бүгінде қылмыстық істердің 90 пайызы электронды түрде тергеледі. Осылай деген ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев көшпелі отырыс кезінде бұл саланы цифрландырудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, барлық іс электронды түрде жүргізілсе, бұл саладағы сыбайлас жемқорлық пен манипуляция азаяды.

Әсет Чиндалев, ҚР Бас прокурорының орынбасары: “Қылмыстық процесті халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында кезең-кезеңімен шаралар атқарылып жатыр. Қылмыстық және әкімшілік процестер электрондық форма аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарын кадр әлеуеті мен материалдық техникалық жабдықталуында да күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Бүгінде бармақ басты көз қысты әрекеттер барлық салада көрініс тауып жүр. Жалпы мұндай жымысқы тірліктердің артында кім тұр? Және олардың көздеген мақсаты қандай?

Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары: «Мемлекет басшысы өз жолдауында атап өткендей, реформаның негізгі бағыттарының бірі, жалпыұлттық байлықты және бюджет қаражатын жымқыру схемасының артында тұрған адамдарды анықтауға күш салу. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатыр».

Елде есірткіге әуестеніп, оны кәсіпке айналдырғандар да бар. Мәселен, өткен 9 айда 11,5 мыңнан астам келі есірткі табылған. Жасырын цехтар анықталып, қазір олармен тиісті жұмыс атқарылып жатыр. ҚР ІІМ Тергеу департаменті алдағы уақытта комплексті жоспар құрып, жұмысты одан әрі жалғастырамыз дейді.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры:
“Есірткіге күрес бойынша министрлікпен арнайы іс-шаралар қабылданып жатыр. Қазір 9 айдың қорытындысы бойынша заңсыз есірткі шығарған 24 цех анықталды. Цех жұмысы заңсыз деп танылып, қазіргі таңда қылмысқкерлер жауапқа тартылуда”.

Ал сенат депутаты Амангелді Төлемісов, тек құқық қорғау орган қызметкерлерімен ғана «Әділетті Қазақстан» құра алмаймыз дейді. Ол үшін халық та талапшыл болу қажет екенін айтады.

Амангелді Төлемісов, ҚР Парламенті сенатының депутаты: «Қазір Мемлекет басшысының алға қойған негізгі мақсаты, «Әділетті Қазақстан» құру. Оны тек белгілі бір заңдарды ғана өзгертіп Әділетті бола алмаймыз. Оның ары қарай жүзеге асуы үшін тек құқы қорғау органдары ғана емес, халықтың талабы да болуы маңызды. Яғни, өз құқығын талап ететін азаматтардың белсенділігі керек. Сондықтан бізге қазір құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру да үлкен жұмыс».

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында «Әділетті Қазақстан» құру үшін сала мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Қазіргі таңда барлық министрліктер мен жергілікті әкімдіктер тиісті шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен, сенаторлардың пікірінше өзгерісті әр адам өзінен бастауы қажет. Сондықтан, халыққа да заңды тұрғыдан сауатты болуды насихаттауымыз керек дейді.