Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысына қарасты №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мерекелік іс-шара өтті. Орталық тұрғындарына әр ауданнан арнайы сыйлықтар табыс етіліп, өнерпаздар ән-мен жырдан шашу шашты.
Жасы 70-тен асқан Зәуре Есенбекованың қарттар үйін паналағанына 10 жылдан асқан. Оның 2 некесінен де бала болмапты. Ал 1 анадан туған бауырлары дүние салған көрінеді. Сөзінше екінші күйеуінің балалары қабылдамай, ұрыс шыға берген соң осында келуге мәжбүр болған.
Зәуре Есенбекова, жалғызілікті қария: «Мұнда өз өтінішіммен келдім. 7 ағайынды болғанбыз. Одан мен ғана қалдым. Бірінші күйеуіммен 6 жыл тұрдым, балам болмаған соң ажырасып кеттім. Кейін 5 баласы бар кісіге күйеуге шыққам, балалары қабылдамады. Сонда да 10 жыл тұрдым, болмаған соң осында келдім».
Түркістан облысына қарасты номері екінші арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындары таң атқаннан бастап әдемі киімін киіп, медаль-ордендерін тағынып, мерекеге дайындалған. Ал қариялардың көңілін көтеру үшін әр аудан әкімдігі құттықтап келіп, сыйлықтарын тарту етті.
Бұл орталықта 167 қызмет алушы бар. Оның 116-сы ер адам болса, 51-і әйел. Оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Алайда орталық директоры қазыналы қариялардың өз отбасыларында отырғаны қандай ғанибет еді деген ойын жеткізді.
Шәрбат Шырынбекова, Түркістан облысы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы: «Мекемеде қарттарға 3 медициналық пост, неврологиялық, терапия бөлімдері жұмыс істейді. Массаж жасайтын кабинеттер бар. Барлық жағдай жасалған. Бірақ қариялар қашан да өз отбасында қара шәйін ішіп отырғанға ештеңе де жетпейді. Барлық ата-әже өз отбасында бақытты өмір сүруге лайық».
Мерекеге орай жыл бойы қарттар үйіне қайырымдылық жасап, газ кіргізіп, көмек көрсеткен жандарды арнайы шақырып, мақтау қағаздары табыс етілді. Ал қалалық мәдениет үйі қызметкерлері сыйлық алып келіп, мереке иелерін құттықтады.
Өсербай Бөріханов, Мәдениет үйінің шығармашылық бөлімінің басшысы:
«Қарттар күнімен құттықтаймын. Бүгін мерекеге орай арнайы бағдарлама алып келдік. Ата-әжелердің дендері сау болсын. Біздің концерттік бағдарлама бәрінің көңілінен шығады деген ойдамыз».
Шара барысында Мәдениет үйінің өнердаздары арнайы бағдарламасын дайындап, ән-мен биден шашу шашты.