Көлігіне бейәдеп сөз жазып алған жүргізуші жауапқа тартылды

147

 

Түркістан облысы полицейлері бейнебақылау камералары арқылы маршруттық көлікке арналған жолақпен жүрген және мемлекеттік нөміріне бейәдеп сөздер жазып алған көлiк құралдарын анықтады.

Атап айтсақ, Жедел басқару орталығының қызметкерлері бүгінгі таңда облыс орталығын қауіпсіз ету мақсатындағы жұмыстарды қарқынды атқаруда. Тәулігіне 24 сағат бойы полицейлер камералармен құқық бұзушылықтарды мұқият анықтап, тәртіпсіздіктің қайта қайталанбасы үшін заңды шарасы көрілуін қадағалауда.

Соның біріне тоқталар болсақ, таяуда Түркістан қаласы Б.Саттарханов даңғылындағы маршруттық көлік жүретін жолақпен заңсыз жүрген «Ваз2114» маркалы автокөлігі анықталды.

Аталған жайт бойынша жедел түрде әрекет еткен полицейлер автокөлікті дереу тоқтатып, ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» бойынша хаттама толтырды.

Сонымен қатар дәл осы күні қала тұрғындарының бірінен Жедел басқару орталығына хабарлама келіп түсті. Онда Түркістан қаласы Ата Түрік көшесі бойында Ваз-2114 маркалы автокөлігі мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына балағат сөздер жазып алғанын көрсеткен. Хабарлама бойынша қырағы полицейлер тез арада оқиға орнына жетіп, құқықбұзушыны тоқтатты. Қазіргі таңда автокөлік айыптұраққа қойылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама түзілді.