Сайлау-2022: Дауыс беру құқығына ие әр азамат өз таңдауын жасайды

115
бұл сайлау өзге сайлаудан өзгерек

Кезектен тыс президент сайлауына санаулы күндер қалды. Осы жексенбі күні, 20-шы қарашада қазақстандықтар таңдау жасайды. Түркістан облысы бойынша дауыс беру құқығына ие тұрғындар саны 1 163 860 адам. Бүгін аумақтық сайлау комиссия төрағалары дауыс беру бюллетендерін алды.

«20- шы қарашада өтетін кезектен тыс ҚР президентін сайлауға Түркістан облысындағы сайлау учаскелері дайын»,- дейді облыстық аумақтық сайлау комиссия өкілдері. Өңір аумағында 919 сайлау учаскесі толық жабдықталып, талапқа сай ғимараттар, дауыс беру кабиналары, бюллетеньге арналған жәшіктер, кеңсе заттарымен қамтылған.

Данияр Оразымбетов, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі: «Орталық сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аса көңіл бөліп жатыр. Сайлау учаскелерінде олардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Арнайы бұрыштар, компьютерлер арнайы бағдарламамен жабдықталған».

Дауыс беруге арналған бюллетендерьге тоқталсақ. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ұсынылған сайлаушылар тізіміне сәйкес, біртұтас жалпыұлттық сайлау округы бойынша, 11 млн. 950 мың 485 сайлаушы бар. Осылайша, 1 пайыз резервпен сайлауға 12 млн. 69 мың 99 бюллетень жасалды. Сайлау туралы заңға сәйкес бюллетеньдер Түркістан облысындағы аумақтық сайлау комиссияларына 17-ші қарашада табыс етілді.

Президенттікке өз кандидатурасын 6 үміткер ұсынған. Қазір олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясындағылар еліміз үшін маңызды саяси шарада азаматтар белсенділік танытып өз таңдауларын жасайды деген сенімде.

Тұрғын: «Ия, білемін сайлау болатынын, барамын. Өзгеріс күтемін».

Тұрғын: «Міндетті түрде сайлауға барамын. Ұсынысым медицина тегін болса және білім алу да».

Естеріңізге сала кетейік, алдағы жексенбі күні, 20-шы қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Дауыс беру құқығына ие азаматтар мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасайды.