Түркістанда облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда бірқатар өңірлік департаменттердің жыл бойы атқарған жұмысы баяндалды. Жиналыс барысында халықтың денсаулығын нығайту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалар индикаторларының орындалу барысы және өлім-жітімді азайту сынды мәселе қаралды.
Биыл Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы әзірленіп бекітілді. Оның негізінде ауылдық жерлерде 49 нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар келер жылы 4 аудандық аурухананы қайта қалпына келтіру және өзгерту жұмыстары жасалмақ. Атап айтқанда Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш, Жетісай аудандық мекемесі көпбейінді ауданаралық аурухана етіп қайта құрылады.
Сондай-ақ, Сарыағашта 240 төсек-орынға арналған перинаталдық орталықтың жоспары әзірленіп жатыр. Ал ауылдық жерде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған 13 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп тұр.