Түлкібас ауданында электр желілерінің 50 пайызы жаңарды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілдері ауданға қарасты елдімекендерге жаңа бағаналар тартып, әуе желілерін жаңартты. Сонымен қатар, трансформаторлық қондырғылар орнатылып, 2 аймақтағы қосалқы станциялар жаңғыртылды.
Биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Түлкібас ауданындағы электр жүйелерін жаңарту жұмысы қарқынды орындалып, 50 пайыз межеге жетті. Қазіргі таңда ауданды сапалы жарықпен қамту жұмысы өз кезегімен жүзеге асып келеді. Жаңа трансформаторлық қондырығы орнатылуы, қосалқы станциялардың жаңғыртылуы – аудандағы жарықтандыру жұмыстарын жақсартады.
Мейіржан Нарбеков, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС маманы: “Бұл жерде Ванновка подстанциясында 2 трансформатор жұмыс істеп тұр. Қуаттылығы – біреуі 2500, біреуі 4000. Бұл Ванновка – ең күшті подстанциямыз осы. 6 линия шығады.Әрқайсында 15-20-дан трансформаторлар отыр елдімекендерде. Міне жаңартылды бәрі 100 пайыз, жақсы бәрі”.
Бүгінде Түлкібас ауданында 35-10 киловольттық 14 қосалқы станция бар. Биыл инвестбағдарлама шеңберінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан Керейіт, Жаскешу, Жабағылы және Жаңаталап, Ынтымақ ауылдарында бағаналар орнатылған. 2022 жылы ауданға қарасты Түлкібас кенті мен Тұрар Рысқұлов елдімекенінде қосалқы станция жаңартылды. Нәтижесінде, бекітілген жоба аясында атқарылған жұмыс нәтижесі 50 пайызға жетіп отыр.
Асқар Досов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық желілерінің басшысы: “Түлкібас ауданы бойынша биылғы жылға жоспарланған жоғары керенулі әуе электр желісі бойынша жоғары кернеулі 155 бағанасымен 7-902 км ауысты. Төменгі кернеулі әуе электр желісі 4627 бағанасымен 21-115 км ауыстырылды биылғы жылға. Кернеулі 10-04 төменгі жинақ подстанция бекеттері 7 дана ауысты. Подстанция Түлкібас кенті бойынша ауысудың тиіміділігі – алдыңғы подстанция ескірген, ал қазіргі жаңа вакуумный включатель автоматика бойынша жаңартылды”
Бұған дейін қосалқы станция жұмысы адам көмегімен атқарылып келсе, жаңарту жұмыстарынан кейін жүйе толық автоматтандырылған. Мамандар вакуумды басқарудың өте тиімді екенін айтады. Айта кетейік, Түлкібаста 21 мыңға жуық абонент сапалы электр энергиясын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нен тұтынады. Серіктестік бүгінде 150-ге жуық заңды тұлғаны толықтай жарықпен қамтамасыз етеді.