Шымкентте арыстанды бағындырған әйел тұрады

Шымкентте арыстанды бағындырған әйел тұрады. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш жыртқыш аң үйретуші әйел 50 жыл ғұмырын цирк өнеріне арнаған. Жанат Калметованың 3 перзенті де бұл өнерден алыс емес. Қазір асыл тұқымды иттермен көрермен ықыласына бөленіп жүрген ол, 4 жыл көлемінде арыстандармен ел аралап қойылым қойған екен. Өнерпаз аңсыз цирк жобасының нәтижесінде зообаққа өткізілген арыстандарына әлі күнге дейін жиі барып тұрады. 

Бұл – екі арыстанды бала кезден қолға үйретіп, өнер көрсетуге баулыған Жанат Қалметова. Ол аң патшасын өзі баптап өсіріп, түрлі қауіпті трюктермен қойылымдар қойып, тек Қазақстан қалаларын ғана емес, шетелді де бағындырып үлгерген. Қазақтан шыққан тұңғыш аң үйретуші әйел түз тағысын үйретудің оңайға түспегенін айтады. Дегенмен, мейірім мен махаббатың арқасында талай жетістікке қол жеткіздік дейді ол.

Жанат Калметова, Шымкент циркінің өнерпазы: «Иттеріме келем ғой, иттерімді қараймын, сол кезде қалып мыналарды манежге шығарамын. Қарғыбау тағып, манежге шығып жетектеп бірге жүгіреміз. Сөйтіп кейін көпшілікке әртістердің ортасына шығаратын болдым. Солай жүріп, табуретка тумбаларды қойып жүріп, арнайы  материалдар болды. Өйткені оларды кішкентай кезінен үйрету керек, жаттау керек қимылды. Үйрете бастадым, содан екі аптадан кейін видеоға түсіріп, басшылыққа жібердім. Олар «Ооо, Жәке, жақсы, көріңізші онда» деді»

2021 жылы «аңсыз цирк» жобасы қолға алынып, арыстандар зообаққа өткізілді. Өзі қолға қолға үйреткен арыстандарың темір тордағы шарасыз халін көрген Жанат Қалметова жүрегі ауырғанын жасырмайды.

Оның үстіне түз тағылары зообаққа ауыстырылған соң, бір апта көлемінде тамақтан да бас тартыпты. Сонымен, арыстандар жаңа мекеніне үйренгенше, Жанаттың өзі келіп, тамақтандырып жүрген екен. Иелеріне әбден үйренген аңдар оның дауысын кез келген жерде жазбай танитын көрінеді.

Жанат Калметова, Шымкент циркінің өнерпазы: «Қазір 5 жаста, 6-ға толады бұл арыстандар. 4 жыл қолымда болды. Бірге тамақтандым, ұйықтадым, бірге ойнадық, жұмыс жасадық. Қазақстанның біраз қалаларын гастрольдік ісспарамен аралады бұл арыстандар, менің сенімді серіктерім болып қалды. 2021 жылы «Аңсыз цирк» деген жоба, концепция шығып, бұл арыстандар зообаққа қайтты. Өте үлкен қимастық болды, жыладық-сықтадық, стресс болдық».

Арыстандар зообаққа көшкелі 2 жылға жуық уақыт өтсе де, Жанат Қалметова әлі күнге дейін мүмкіндігінше жиі келіп, аңдардың жағдайын біліп отырады.

Жанат Калметова, Шымкент циркінің өнерпазы: «Мен арқаларын сипаймын, еркелетемін, шаштарын тараймын, шомылдырамын, сондай қатынас бар. Ал қазіргі жағдайда бұларда қатынас жоқ қой. Жыртқыш екеш жыртқыш та мейірімді, махаббатты түсінетінін мен білдім. Мен енді осында келіп жатсам, бәрі күледі. Менің кішкентайларым деп еркелетем. Таныс-туыстарымыз келіп, видеоға түсіріп жіберіп жатады. Сонда бүйтіп жатқан жерлерін түсіріп жібереді. Қимыладмайды дейді. Менің жүрегім ауырады. Ары-бері жүрдік қимылдамайды дейді. Бәрібір күтіп жатқанын білемін да, тез келемін».

Цирк өнерпазының арыстандарды өнер ордасына қайтарып қалар деген үміті әлі де жоқ емес. Егер қолыма берсе, шамамен бір айдың көлемінде барлық өнер түрін қайта үйретіп шығарар едім дейді ол.

Жанат Калметова, Шымкент циркінің өнерпазы: «Мүмкіндік бар сияқты. Бірақ біраз әрекет жасау керек енді. Ол басшылықтардан келетін дүние ғой енді. Маған салса бүгін алып кетер едім. Екі жыл болды осы зоопркке келгеніне. 2021 жылы 2 наурыз күні жылатып тұрып, осында алып кеткен жануарларды. Ол сценаны айтып жеткізе алмаймын. Қазір бұл жануарлар да үмітсіз емес. Даусыма елеңдеп тұрады келген сайын. Көбісі ойлайтын шығар мені зоопаркке не үшін келе береді деп. Мен мұнда басқа жерлерге бармаймын, осыларға келіп, тура осы жерден қайтамын».

Жанат Қалметова әлі де циркте өнер көрсетеді. Оның 3 перзенті де осы өнерден кенде емес. Балаларын кішкентай кезден цирк өнеріне баулып, аң үйретуге бейімдеген. Қазір ол кішкентай қызымен бірге асыл тұқымды иттермен өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленіп жүр.