Тараз қаласынан келген ерекше балалар Шымкентті аралады

69

Тараздық мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер Шымкентке келді. 60-қа жуық ерекше бала ата-аналарымен бірге үшінші мегаполистің зообағын аралады. Айтуларынша, басым бөлігі жануарлар саябағына алғаш келіп отыр. Бүлдіршіндер мұндағы жыртқыш аңдар көбірек ұнағанын айтады.

Жануарлар әлеміне саяхат тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да көңілінен шықты. Олар ұйымдастырушыларға ерекше алғыстарын білдірді.

Айжан Қадірова,Тараз қаласының тұрғыны: «Бұл жерде біз білмейтін құстар өте көп екен. Енді кітаптан ғана көріп жүрміз ғой, бүгін тірідей көзбен көріп, сенбей көріп, қайта-қайта қайталап көріп жатырмыз. Балаларға ғана емес, өзімізге де қатты ұнап жатыр».

Жайран Темірова,Тараз қаласының тұрғыны: «Балаларға осындай керемет көңіл-күй сыйлап жатқан Үміт орталығына, ұйымдастырушыларға және демеушілерге ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл біздің балаларымыз үшін үлкен қуаныш».

Ерекше балалар «Үміт» әлеуметтік жобасы аясында үшінші мегаполиске саяхат жасап отыр. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық әкімдігі мен демеушілер тарапынан да бірқатар көмек көрсетілген.

Салтанат Сәдуақасова,»Үміт» әлеуметтік жобасының жетекшісі: «Балаларымыз қоғамдық ортаға бейімделсін, еліміздің түрлі әдемі жерлерін көрсін деп балаларымызды шырайлы Шымқалаға алып келдік. Жалпы бізде балаларымыздың қатысуымен жоба бойынша 40-50 мәдени шаралар өтеді. Ол өзіміздің Тараз қаласында. Ал жалпы қалаға бір жылда бір рет шығарып тұрамыз. Биыл Шымкентке әкелсек, өткен жылы рухани астанамыз Түркістанды аралатқанбыз».

Тараздағы «Үміт» жобасының жүзеге асырылып жатқанына 10 жылдан асты. Онда мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде оңалту, өзін-өзі күту дағдыларына үйрету, қоғамға бейімдеу де бар. Бұл жолы Шымкентке ат басын бұрған балалар мегаполистегі дендросаябақ пен ойын-сауық орталықтарын да аралайды.