Түркістан қаласында шетелдік көлікті заңдастыру науқаны аясындағы алғашқы көлік тіркелді. Яғни Түркістан қаласының тұрғыны Оңғар Әлиев 1,5 жыл алдын Ресейден әкелген «Нексия» маркалы автокөлігін небары 2 сағат ішінде толық тексертуден өткізіп, қазақстандық нөмір алды.
Көлік жүргізушісі, Мемлекет басшысының осындай қолайлы жағдай жасағанына, халықты қолдағанына алғысын білдірді.
Естеріңізге салсақ, бүгіннен бастап елімізде ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес шетелдік көліктерді заңдастырудың бір реттік акциясы басталды. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев, облыс орталығындағы автоЦонды аралап, ондағы қызметкерлердің дайындығын тексеріп шықты. Сонымен қатар шетелдік көлігін заңдастыру үшін келген тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция полковнигі Б.Айтпаев: «Акция жайлы естіген шетелдік көлігі бар тұрғындар автоЦондарға көптеп келуде. Алғашқы жұмыстар да басталды. Біз тұрған Түркістан қаласындағы авоЦонда 6 сектор жұмыс жасап тұр. Көлігін тіркегісі келген түркістандық Оңғар есімді жігіт, небары 2 сағат ішінде тексерулерден толық өтті. Арнайы мақұлдау туралы хабарлама алып, мемлекеттік нөмірді иеленіп, көлігін заңдастырды.
Осы орайда Автокөліктерді заңдастыруға жататын нақты шарттар белгіленгенін жеткізгім келеді. Бірінші шарт, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек, одан әрі іздеуде болмауы қажет, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс, кедендік тазартудан өту керек. Ал кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерден әкелінген көліктер өтпейді. Бұл шара Түркістан облысы бойынша Түркістан қаласы, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарындағы АвтоЦондарда ұйымдастырылады. Осы жерлерге келіп, шетелдік көлігіңізді заңдастыруға толық мүмкіндігіңіз бар»-деп атап өтті.
Аталмыш акция 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өткізіледі. Көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мемлекеттік төлем жасау қажет. Содан кейін құжаттардың түпнұсқаларын АвтоЦон қызметкеріне тапсырады. Тіркеу аяқталғаннан кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі.