Заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктілерден қару-жарақ тәркіленді

49

Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді: «Біздің Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде ҚР Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады.

Бұл жайтты ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша тіркедік.
Жедел уәкілдермен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде Созақ ауданының тұрғындары, яғни күдікті екеу анықталды. Олардың бірі арнайы есепте тұрады. Полиция қызметкерлері күдікке ілінген ер адамдардың үйін тінту кезінде, ҚР Қызыл кітабына енгізілген арқар жануарына ұқсас аңның еті, мүйізі мен басын тапты.
Сондай-ақ сезіктілерден 2 дана тіркелмеген атыс қаруы (карабин және аңшылық мылтық), әртүрлі калибрлі 50-ден астам патрон, қару-жарақ оптикасы, кісендер, қолдан жасалған пышақ, есірткіге ұқсас заттар мен діни әдебиеттерді тәркіледік. Алынған заттай дәлелдемелерді тиісті сараптамаға жібердік.
Қазіргі уақытта осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Оқиғаның мән-жайын анықтаудамыз»-деп қорытындылады полиция полковнигі Қ. Сахов.